Мәжіліс депутаттары әлеуметтік желіде кең тарап кеткен экс-депутат Мақсат Раманқұловтың мерейтойына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Қазыбек Иса экс-әріптесіне араша түсіп, оның қайырымдылық әрекеттері туралы айтты.
"Қазақта бір сөз бар, соны ұғып алыңдар алдымен: "шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма" дейді. Өздеріңіз тойға, шақырғанға бармайсыздар ма сонда? Кәсіпкер тойын жасамасын деген ұғым бар ма? Кешегі Құлсарыға тасқында 5 миллион аударған, білесіздер ме, 15 машина жіберген. Сол жердегі қарттар үйіне, жетім балаларға тамақ берді", - деді Қазыбек Иса.
Ал Азат Перуашев Раманқұлов депутаттыққа дейін де кәсіпкер болғанын алға тартты.
"Бұл сұрақты оның өзіне қою керек. Өйткені ол біздің әріптестерімізді туған күніне шақырды. Туған күнге барғанда, онда не дайындалғанын білмейсің ғой, бұл бірінші. Екіншіден, Мақсат Раманқұлов - ірі кәсіпкер. Тек Астана бойынша жиырма шақты тұрғын үй кешенін салды. Яғни жағдайы бар кәсіпкер. Ол депутаттыққа дейін бизнесте, депутаттықтан кейін де бизнеске қайтып келді, әрі қарай бизнесін жүргізіп жатыр. Ол қай деңгейде туған күнін өткізгісі келетінін өзі біледі ғой. Бұл кісінің еңбегі арқылы мыңдаған отбасы баспаналы болып отыр", - деді Азат Перуашев.
Сонымен қатар, Перуашев те бұрынғы әріптесінің елге көмегі туралы айтты.
"Мына қызықты қараңыз. Біз өзі жылу жинап, жүк көліктерін көмекке Петропавлға жіберген видеосын жарияладық. Неге мұны ешкім көрсетпейді? Бәрі оның туған күнін қалай тойлағанын талқылап жатыр"- деп мәжілісмен.
Айта кетейік, желіні шулатқан тойда бас жүлде ретінде Астанадан пәтер ойнатылды. Баспанадан бөлек жүлдеге Samsung телефондары, 10 Iphone, Дубай және Италияға жолдама, көлік тігілген.