Қасиетті парыз
Сонымен бірге хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Күмәнсіз, Алла Тағала сендерге қажылықты парыз етті, қажылықты орындаңыздар және кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қажылық парызын орындау үшін сапарға шықса, аяғын адымдап жүрген сайын күнәлары денесінен ағаштан түскен жапырақтар секілді төгіледі. Ал, Мадина қаласына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып амандасады…», – деп айтқан.
Иә, қажылық мұсылманның өз адал қаражаты және бар болмысымен орындайтын құлшылығы. Бұл ғибадатқа түйірдей атаққұмарлық немесе даңққа бөлену секілді жат ниет араластырмау қажет. Өйткені, Мекке барша мұсылман үмметі үшін аса қасиетті де қастерлі. Онда Алла Тағаланың үйі – қасиетті Қағбаны тұрғызған Ибраһим (ғ.с.) мен Исмаил (ғ.с) пайғамбарлар күн кешті. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз осы қалада дүниеге келді. Қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы сүрелері де осында уахи етіліп, пайғамбарлық келген. Осы үшін де Мекке әрбір мұсылман үшін аса қымбат, жүрегіне де соншалық жақын.
Қажылыққа барған мұсылмандар міндетті түрде Мәдина қаласына барып, пайғамбарымыздың қабірін зиярат етеді және «Масжидун-набауи» (Пайғамбар мешіті) мешітінде намаз оқиды. Аталмыш мешітте оқылған намаздың сауабы жайлы Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Менің мешітімде оқылған намаз өзге мешітте оқылған мың намаздан абзал…», – деген.
Қажылықты ниет еткен кісі өзі жоқта отбасын ішіп-жемнен тарықтырмайтын, табысы мен мал-мүлкінен зекет және мұқтаждарға садақа беретін, жасаған күнәлері үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубеге келген мұсылман болуы құба-құп. Сонымен бірге шариғат талаптарына сай қажылық парызын өтеуге ниет еткен мұсылманның ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, жасы кәмелетке толған және қажылық шығынын адал еңбегімен тапқан болуы шарт.
Қажылық кімдерге парыз?
Дүние-мүлік арқылы әрі денемен жасалатын қажылық ғибадатының төмендегідей шарттары бар: 1. Мұсылман болу 2. Ақыл-есі дұрыс болу 3. Балиғат жасына жету 4. Бостандықта болу 5. Негізгі өзінің және қамқорындағы адамдардың қажеттіліктерін өтей алатын мал-мүлікке ие болуы 6. Қажылық жолына жұмсайтын ақшасының болуы 7. Қажылық уақытының келуі.
Қажылықты өтеуде парыз болуының шарттары қандай?
Жоғарыда аталған шарттардан басқа қажылық міндетін орындауға байланысты өзге де шарттары бар. Бұлар қажылықтың өтелуінің парыз болуының шарттары деп аталады.
Адамға зағиптік, мешелдік сияқты қажылық ғибадатын орындауға кедергі болатын сырқаты мен қажылықты өтей алмайтындай дәрежеде кәрі болмауы, түрмеге түсу сияқты қажылыққа кедергінің болмауы, жол қауіпсіздігінің болуы, қажылыққа барушы әйелдің қасында күйеуінің немесе үйлене алмайтын махрамының болуы, күйеуінен ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған әйелдің күтетін мерзімінің (иддә) бітуі.
Қажылықтың дұрыс болуының шарттары
1.Мұсылман болу; 2.Ақыл-есі дұрыс болу; 3.Ихрамға кіру; 4.Қажылықты қажылық уақытында жасау; 5.(Арафатта тұру (уақфа) және саъи сияқты қажылық амалдарын белгіленген орындарында жасау.
Қажылықтың парыздары
Қажылықта үш парыз бар. Оның біріншісі шарт, қалған екеуі рүкін. 1.Ихрам кию;
- Тауаф (зиярат тауафы немесе екінші бір атауы «ифада» тауафы);
3.Уақфа (Арафатта тұру)
Қажылықтың уәжіптері
1.Саъи. Сафа мен Мәруа деп аталатын екі төбенің арасында, төрт мәрте Сафадан Мәруаға, үш мәрте Мәруадан Сафаға тездетіп жүру – саъи болып табылады. Бірінен екіншісіне бару «шаут» деп аталады. Демек бір саъида жеті шаут бар.
2.Муздалифада тұру (уақфа).
күн батқаннан кейін көкжиектен күннің қызылы кеткен уақыт пен келесі күннің күні шыққанға дейінгі аралықта аз уақыт болса да Муздалифада тұру – уәжіп. Бүткіл түнді сол жерде өткізу – сүннет. Ал «Мәшъару харам» деп аталатын тауға бару – мустахаб. Муздалифада тұру – уәжіп, дегенмен бір себеппен орындалмай қалса ешнәрсені керек етпейді. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз бұл амалды орындай алмаған адамдарға кәффарат (айыпты жуып-шаю) жасасын деп айтпаған. Ал себепсіз орындамаған құрбан шалып айыбын өтейді.
- Минада шайтанға тас лақтыру.
- Шашты тақырлап алу немесе қысқарту. Минада тас лақтыру рәсімінен кейін «тәмәтту» қажылығын өтеген адам құрбан шалуы керек. Бұдан кейін Мекке харамында және айттың алғашқы үш күнінде шашын тақырлап алу немесе қысқарту уәжіп.
- Қоштасу тауафы. Сырттан келіп миқаттардың бірінен кірген қажылар қажылық амалдарын бітіргеннен кейін қасиетті мекенмен қоштасарда Қағбаны тауаф ету уәжіп.
Қажылық әдептері
- Қажылық, не умра жасаушы кісі Аллаға жақындауды ниет етіп, мақтангершілікке, жалған атаққа және көзбояушылыққа жол бермеуі керек.
- Алған қарыздарын өтеп, қолында аманат заттар болса иесіне қайтарған, не сапарға шығып бара жатқанын ескерткені жөн.
- Өткен күнәларына өкініп тәубеге келу және ондай күнәларды қайталамауға шешім қабылдау.
- Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болса, оның орнын толтырып, кешірім сұрау.
- Халал қаражатпен жолға шығу.
- Барлық күнә атаулыдан бойын аулақ салу, ешкімге зиян тигізбеу, балағаттамау, сыртынан тілдемеу, дауласпау және өтірік айтпау.
- Қажылық пен умра үкімдерін мұқият орындауы тиіс.
- Барлық парыздарына, оның ішінде бес уақыт намазды жамағатпен оқуға көңіл бөлу, Құран оқу, зікір ету, дұға жасау, адамдарға қарайласу, мұқтаждарға көмек қолын созу, кедей-кепшікке садақа тарату, жақсылыққа бұйырып, теріс істерден қайтару сияқты сауапты іс-амалдарды көбейту.
- Жолсерік ретінде ізгі, салиқалы адамды жолдас ету.
- Сабырлылық, кешірімшілдік, жайсаңдық, жұмсақтық, байсалдылық, кішіпейілділік, жомарттық, әділдік, мейірімділік, аманатшылдық, шыншылдық, ұялшақтық сияқты көркем мінезді болу.
- Сапарға шығар алдында отбасына Аллаға бойсұнуда болуды табыстау.
- Сүннетке сай дұғаларды, соның қатарында сапар барысында айтылатын дұғаларды қалдырмай айтып жүру.
Міне, қажылыққа ниет еткен кісі барынша шариғи үкімдерге мұқият болғаны жөн. Сондай-ақ, санаулы күндерді бос нәрсемен емес, құлшылық және дұға-тілекпен өткізген абзал. Қасиетті сапарға шыққан қажыларымызға сәт-сапар тілейміз. Иә, қажылық адам баласын рухани кемелдендіріп, тәубеге жетелейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат», - дейді. Шынында Алла қабыл болған қажылықты нәсіп етсін.
Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.