2014 жылдың 8 наурызында Malaysia Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 777-200ER ұшағының жоғалуы әлем авиациясындағы ең құпия оқиғалардың бірі болып қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алған лайнер әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 40 минут өткенде Оңтүстік Қытай теңізі үстінде радардан жоғалып кеткен. Ұшақ бортында 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Алайда арада қанша жыл өтсе де, апаттың нақты себебі мен ұшақтың қай жерге құлағаны толық анықталған жоқ.
Байланыс үзілгеннен кейін әуе кемесі бірнеше сағат бойы ұшқан болуы мүмкін деген деректер бар. Әскери радарлар ұшақтың бағытын өзгертіп, Малакка бұғазы арқылы Үнді мұхитының оңтүстік бөлігіне қарай кеткенін тіркеген.
Лайнер соңғы рет Никобар аралдары маңында байқалған. Кейін Африка жағалауынан табылған кейбір бөлшектер жоғалған Boeing ұшағына тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылды. Дегенмен бұл деректер ұшақтың тағдырын толық ашуға жеткіліксіз болды.
Ұшақтағы жолаушылар 14 елдің азаматы болған. Олардың басым бөлігі Қытайдан еді. Сондай-ақ бортта ресейлік кәсіпкер Николай Бродский де болғаны айтылды.
Тергеу кезінде ұрланған төлқұжатпен мінген екі жолаушыға да назар аударылды. Олар Пурия Нур Мохаммад Мердад пен Сейед Мохаммед Реза Делавар болған. Алайда кейін олардың лаңкестік әрекетке қатысы жоқ екені, тек шетелге заңсыз шығуға тырысқаны анықталды.
Сонымен қатар тергеушілер ұшақ командирі Захари Ахмад Шахтың жеке өмірін де зерттеді. Тәжірибелі пилоттың ажырасудан кейін күйзеліске түскені туралы болжамдар айтылды. Кейбір нұсқаларда екінші пилот Фарик Абдул Хамидтің де әрекеті қарастырылған.
Ұшақ жоғалар алдында диспетчерлер естіген соңғы сөз «Қайырлы түн» болған. Содан кейін байланыс үзіліп, лайнер із-түзсіз ғайып болды. Бүгінге дейін осы бір қысқа ғана сөз әлемді толғандырған үлкен құпияның символына айналып отыр.