Қазақстандық азық-түлік өндірушілері бірнеше жылдан бері «сұр» импорт пен отандық өнімдерден гөрі шетелдік тауарларды артық көретін сауда желілерімен күрделі қарым-қатынас туралы мәселе көтеріп келеді. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды жайт. Алайда өндірушілердің айтуынша, мемлекет тарапынан нақты қолдау әзірге тек сөз жүзінде ғана байқалады.
Қазақстанның тамақ өнеркәсібі саласындағы салалық одақтар альянсының екі жылдық белсенді жұмысының нәтижесінде жауапты мемлекеттік органдардың риторикасы өзгеріп, бүгінде барлығы дерлік отандық өндірушілерді қолдау қажеттігін айтып жүр. Дегенмен, іс жүзінде салалық одақтар ұсынған маңызды бастамалар қолдау таппай отыр, ал отандық өндірісті қолдауға арналған заң жобасына үкімет толықтай дерлік теріс қорытынды берген.
Отандық экономиканы көтеруге бағытталған, бірнеше маңызды блоктан тұратын ұсыныстардың қолдау таппауы сала өкілдерінің үмітін су сепкендей басқаны анық. Дегенмен, олар бұл заң жобасына теріс қорытынды берілгенімен, жылдар бойы қордаланған мәселелердің әлі де шешімін таппағанын және оларды кейінге қалдырмай шешу керектігін атап өтеді. Сол себепті салалық одақтар тиісті министрліктерді келіссөз үстеліне отыруға, жұмыс топтарын құруға және ортақ мәмілеге келуге шақырады. Егер заң жобасында ұсынылған тәсілдермен мәселелер шешілмесе, онда басқа жолдарын қарастырып, бірақ қалай болғанда да отандық өндірушіні қолдап, ішкі нарықты қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдау қажет.
Бұл үлкен де маңызды жұмыс әлі толық қолға алынбай тұрған тұста, елдің барлық өңірінде дерлік монополия орнатқан сауда желілері өз үстемдігін пайдаланып, өндірушілерге өз шарттарын мәжбүрлеп таңып, атышулы ретро-бонустар мен тиімсіз келісімшарттарды тықпалауды жалғастырып отыр.
«Салалық одақтар екі жылдан бері өз мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Біздің басты жетістігіміз – мемлекеттік органдармен тұрақты диалог орнағаны, – дейді Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевников. – Біз AMANAT партиясының АӨК жөніндегі кеңесі аясында кездесулер өткіземіз. Мемлекеттік органдардың өкілдері жиі қатысады, олар көтерілген мәселелерден хабардар. Бұл олар үшін қалыпты жағдайға айналды, олар бізді тыңдайды, проблемаларымызды біледі, ұсыныстарымыздың өзекті әрі маңызды екенін түсінеді. Үкімет те бізді естиді, дәлелдерімізді қабылдайды, кейін соларды өз мәлімдемелерінде келтіреді. Бірақ, өкінішке қарай, іс жүзінде бәрі дәл осы жерден тоқтап қалады – мемлекеттік құрылымдар деңгейінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыру баяу жүруде. Бірқатар процесті қайта қарап, нақты шешімдер қабылдау қажет. Бірақ бәрі ауыр, баяу қозғалып жатыр».
Нәтижесінде отандық өндірушілерге тек сөз жүзінде қолдау көрсетіліп, іс жүзінде түк өзгермей отыр. Бұл жағдайдың айқын мысалын Қазақстан Құс өсірушілер одағынан көруге болады.
Өндірушілердің бастамасымен жуырда Салық кодексіне маңызды өзгеріс енгізілді – шекарадағы ветеринарлық бақылау күшейтілді. Өйткені Қазақстан аумағына тексерусіз кіріп жатқан «сұр» импорт көлемі өте көп. Бұл өнімдер базар мен дүкендерге жылдам тарап, арзандығы себепті тұтынушылар тарапынан тез сұранысқа ие болады. Алайда мұндай өнімдер денсаулыққа қауіп төндіреді. Ал отандық өндірушілер болса, сапалы өнімін өткізе алмай, ассортиментін азайтуға, өндірісті қысқартуға немесе тіпті жабылуға мәжбүр.
Салық кодексіне енгізілген түзетудің мақсаты – азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына бақылауды күшейту. Осы түзету нәтижесінде Қазақстанның ветеринарлық қызметіне шекарадан өтетін мал шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікке қатысты Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына қол жеткізу құқығы берілді. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2025 жылдың сәуірінен қыркүйек айына дейін үшінші елдерден Қазақстан аумағына құс жұмыртқасын әкелуге толық тыйым салынды. Алайда Қазақстан Құс өсірушілер одағының хабарлауынша, импорттық, сондай-ақ таңбаланбаған және демек, халық денсаулығына қауіпті болуы мүмкін жұмыртқаларды сату фактілері әлі де тіркеліп жатыр.
«2025 жылдың сәуір-қыркүйек айлары аралығында үшінші елдерден жұмыртқа әкелуге тыйым салу күшіне енгеннен кейін, біздің мониторингтік топ Қызылорда, Атырау және Орал қалаларында тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, шығу тегі мен сапасы күмән тудыратын импорттық және таңбаланбаған жұмыртқалардың саудасы тіркелді. Мұндай өнімдер базарларда да, кейбір сауда желілерінде де сатылып жатыр. Біз анықталған деректерді тиісті мемлекеттік органдарға жолдадық. Кейбір жағдайларда өнімді тәркілеу немесе айыппұл салу сияқты шаралар қолданылды. Алайда тұрақты нәтижеге жету үшін аталған бұйрықты орындау тетігін жетілдіру қажет. Біз әр органның жауапкершілік аясын нақты белгілеп, айқын және ашық іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді ұсынамыз. Бұл шаралар бақылауды күшейтуге, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Қазақстан Құс өсірушілер одағының президенті Қайрат Маишев.
Осы жағдайдан кейін Қазақстан Құс өсірушілер одағында мынадай қорытынды жасалды: Ауыл шаруашылығы министрінің жұмыртқа импортын шектеу туралы бұйрығында нақты іске асыру тетігі жоқ, ал мемлекеттік органдар тарапынан бұл бұйрықты орындауға немқұрайлылық пен формализм байқалады. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциялары азаматтардың шағымдарына жедел әрекет ете алатын мүмкіндікке ие болғанымен, жұмысты соңына дейін жеткізбейді. Ал Сауда комитетінің құзыреті тек сауда үстемесін бақылаумен шектелген, бұл өз кезегінде жұмыртқа бағасының тұрақтылығына нақты әсер етуге мүмкіндік бермейді.
Сондықтан Одақ Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына мемлекеттік органдардың нақты жауапкершілігін көрсететін орындалу механизмін енгізуді ұсынады. Сонымен қатар, АШМ немесе Сауда және интеграция министрлігінде бұйрықты жүзеге асыру алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Бұл құжатта мемлекетке келтірілген зиян туралы ақпараттың көлемі, оның мөлшері және басқа да мәліметтер нақты жазылуы тиіс. Бірақ, бұл қисынды ұсыныстарға құлақ аса ма? Құлақ асса да, нақты жүзеге асырыла ма?
Сонымен қатар, отандық азық-түлік өндірушілер мен сауда желілерінің арасындағы қарым-қатынастар да күрделі күйінде қалып отыр. Сауда желілері әлі де ретро-бонустар арқылы өндірушілерге қысым жасап, импорттық өнімді қолдауды жалғастыруда, ал отандық тауар өндірушілер шеттетіліп отыр.
«Салалық одақтардың бағалауынша, елдегі сауда желілерінде және нарықтарда қазақстандық өнімдердің үлесі азайып келеді. Кейбір санаттарда отандық өнімдердің үлесі жалпы көлемнің жартысынан да төмен. Алайда мемлекет импортпен әділетсіз бәсекелестіктен отандық өндірушілерді қорғауға бағытталған ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ, ал ритейлерлер (сауда желілері) өз супермаркеттерінде отандық өндірушілерге, тіпті бүкіл республика бойынша жұмыс істейтіндерге де, аса тиімсіз талаптар қойып, оларды сауда желілерінен ығыстырып шығаруды жалғастыруда. Барлық дерлік өндірушілер шағымданып жүрген ретробонустар біздің елде заңмен тыйым салынған. Алайда сауда желілері бұл ретробонустарды «қосымша қызметтер» — мысалы, жарнама үшін алып отырады. Барлығы да мұның заңды айналып өту екенін біледі, бірақ ешкім бұл үшін жауапкершілікке тартылмайды», – дейді ҚР азық-түлік секторының салалық одақтар альянсындағылар.
Нәтижесінде, Сауда және интеграция министрлігі жақында ғана ел ішіндегі бөлшек саудада отандық өнімдердің үлесі 80–90%-ға жетті, азық-түлік өндірісі өсіп жатыр деп мәлімдесе де, іс жүзінде бұл көрсеткіш негізінен өңделмеген ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты екенін көреміз. Қайта өңдеушілер, яғни қосылған құны жоғары өнімдерді жеткізетін кәсіпорындар (Президентіміз оны ұлғайту қажеттігін үнемі айтып отырады), ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы азық-түлікке айналдыру үшін барлық мүмкіндіктерге, өндірістік қуаттарға, білікті қызметкерлерге және құзыреттерге ие. Бірақ бұл процестің барлығы отандық өндірушілер өз өнімдерін сауда желілерінде сата алмайтындықтан тежеледі. Себебі, ритейл көп пайда табатын импорттық тауарларды сатқанды жөн көреді. Міне, отандық өндірушінің мойнына түскен тұзаққа айналу қаупі бар тұйық шеңбер осындай.