Пиротехникадан келер қауіп көп

Dalanews 27 жел. 2017 10:22 763

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жаңа жыл мерекелеріндегі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында кезекті брифинг өтті. Брифингке БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы М.Отаров, төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Б.Ихсанов және өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары А. Ешмұқанов қатысты.

М.Отаровтың айтуынша қыс мезгілін апатсыз өткізуді қамтамасыз ету мәселесі  облыс әкімдігі мен ТЖ департаментінің ерекше бақылауында тұр. Төтенше жағдай кезінде қолданылатын күш пен құралдардың практикалық дайындығы «Қыс-2017» республикалық командалық оқу жаттығу барысында тексерілді.

Апаттық жағдайлар қаупі төнгенде қолданылатын қажетті материалдық-техникалық ресурс қоры құрылды. Атап айтқанда, тайғақ жолға қолдану үшін 30 мың тоннадан астам қажетті материалдар жасақталып, 20 мың тоннаға жуық құм, 3 мыңға жуық тұз және 8 мың тоннадан астам құм-тұз аралас қоспа дайындалды. Бұдан бөлек қыс мезгілінде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге 357 бірлік жол техникасы жұмылдырылады. Өткен жылдар тәжірибесін ескере отырып республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың қар ұстауы ықтимал учаскелер анықталып, бақылауға алынды. Барлығы 438 км (146 республикалық, 291 жергілікті) құрайтын  188 участке анықталды (87 республикалық, 101 жергілікті). Аталған жолдар бойында 17 жылыту пункттері ұйымдастырылып, аумақтағы жол бойында орналасқан 23 кафемен келісім-шарт жасалды.

Қыс мезгілінде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды күтуге қажетті 850 тонна жанар жағар-май қоры жасақталды (100 тонна бензин, 650 тонна дизелді отын, 740 тонна мотор майы).

Облыс бойынша су айдындарында автоөткелге арналған 16 орын белгіленіп, 54 дана ескерту белгілері орнатылды. ТЖ департаментінің, жергілікті полиция қызметі мен балық инспекциясы қызметкерлерімен 19 рейд ұйымдастырылып, су айдынында балық аулаушыларға 300 данадан астам мұздағы қауіпсіздік бойынша жадынамалар таратылды.

– Су айдындарында мұздағы қауіпсіздікті сақтау бойынша жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан желтоқсан айында 4 адам суда қаза болды. Атап айтсақ, 8 желтоқсан күні Зеленов ауданы Көшім арнасына 1949, 1953 жылы туған екі азамат балық аулау кезінде суға кетсе, 19 желтоқсан күні Шыңғырлау ауданы Жаңакөш су қоймасында 1953, 1955 жылы туған екі азамат автокөлікпен суға кетті, – деді М.Отаров.

Брифингте төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Б.Ихсанов қысқа дайындық шаралары туралы баяндады.

– БҚО ТЖ департаменті бойынша 14 апаттық-құтқару қондырғысы, 1844 адамға арналған 234 азаматтық құтқару жасағы және 457 техника қысқа сақадай сай. Бұдан бөлек Төтенше жағдайлар департаментінің ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері бар. Оларда материалдық базамен толықтай жасақталған, – деді Б.Ихсанов.

Бұдан кейін өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары А. Ешмұқанов пиротехникадан келетін өрт салдары туралы әңгімеледі.

– Өрт оқиғасы мерекелік уақытта өршиді. Әсіресе, пиротехникалық құралдарды қолдану, үйдегі тұрмыстық техниканың қосылып қалуы төтенше жағдайларға әкеп соқтырады. Тек өткен жылы 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында 16 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 13-і тұрғын үйден шыққан өрт оқиғасы болса, 3 өрт автокөліктен шықты.  Көп адамдар пиротехника құралдарын қауіпсіз сезінеді. Шын мәнінде пиротехникадан келетін қауіп көп. Өткен жылы пиротхеника құралдарынан облысымызда 1 адамды күйік шалып, 1 адам қаза тапты. Жаңа жыл мерекесіндегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында ТЖД 2017 жылдың 13 желтоқсан-12 қаңтар аралығында «Қауіпсіз жаңа жыл» акциясын өткізуде. Акция барысында төтенше жағдайлар департаменті мамандары тұрғын үйлер мен жатақханаларды аралап, пиротехникадан келетін өрт қаупі туралы түсінік жұмыстарын ұйымдастыратын болады, – деді А.Ешмұқанов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар