Путин Зеленскиймен кездесуге дайын емес

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2025 10:20

Путин Зеленский Трамптың бейбіт жоспарын талқылауға келіскеніне қарамастан, келіссөзге дайын емес екенін аңғартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Агентство.Новости" жазуынша, бейсенбі кешінде Кремль Владимир Путиннің Бас штаб бастығы Валерий Герасимов және екі әскери топтың қолбасшыларымен өткізген кеңесінің кадрларын жариялады. Жиын барысында Путин Украина басшылығын «ұйымдасқан қылмыстық топ» деп атады. Бұл видео АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған жаңа бейбіт жоспарын жылжытуға бағытталған әрекеттері аясында шықты. Құжат сол күні Украина президенті Владимир Зеленскийге берілді, ал ол жоспар бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

Путин Герасимовтан Купянсктегі жағдайды баяндауды сұрап, «Украина әскері қару тастап, тұтқынға берілуі үшін қажетті жағдай жасалды ма?» деп сұрады.

Герасимов Купянсктің толық «алынғанын» айтты. Осыдан кейін Путин Украина басшылығы туралы пікірін білдірді.

«Украинаның қазіргі саяси басшылығының не екенін біз жақсы түсінеміз. Бұл - саяси басшылық емес. Өткен жылдың наурызынан бері бір топ адам билікті тартып алып, соғысты жалғастыруды сылтау етіп, жеке байлық жинау үшін билікте отыр. Украинадағы антикоррупциялық тергеулердің нәтижесі бұл жағдайды анық көрсетті. Ал алтын үстінде отырған бұл адамдар ел тағдырын, халықтың тағдырын, әсіресе офицерлер мен қарапайым сарбаздардың тағдырын ойлап отыр деу қиын», - деді Путин.

Путин одан әрі: «Біздің өз міндеттеріміз, өз мақсаттарымыз бар. Ең бастысы - арнайы әскери операцияның мақсаттарына сөзсіз қол жеткізу», - деді.

Агенттік жазуынша, Путиннің жаңа АҚШ бейбіт жоспары талқыланып жатқан уақытта командалық пунктте кеңес өткізуі - жай сәйкестік емес. Оның Герасимовпен диалогы да алдын ала ұйымдастырылған әсер қалдырған. Кремль видеоны Зеленскийдің келіссөзге келісім бергені жария болғаннан кейін көп ұзамай таратты.

Бейсенбі күні Украина президенті АҚШ армиясы министрі Дэн Дрисколлға Трамп әкімшілігінің Ресеймен қақтығысты реттеу жөніндегі жаңа жоспарын талқылауға дайын екенін айтты. Бұл туралы Axios украин және америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар