Путин сырқат па?

Dalanews 12 нау. 2015 07:36 760

Ғаламтор біткен Ресей Президенті Владимир Путиннің денсаулығы сыр бергенін жариялауда.  Журналистер Путиннің соңғы кездегі жұмыс кестесіне үңіліп, неше түрлі жорамал жасап үлгерді. Біреуі ес-түссіз құлап, емханада хал үстінде жатыр екен десе, енді бірі жазылмас дертке душар бопты деп шулап әлек.

Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды. Президент те адам ғой. Басы ауырып, балтыры сыздаған шығар. Бірақ Кремльдің баспасөз қызметінің басшысы Дмитрий Песков Путиннің науқастанбағанын айтып, журналистерді сендіруге әрекет етіп жүр.

Қалай болғанда да соңғы саяси жағдайлар Ресей басшысының жүйкесін жүн қылғаны жасырын емес. Украинадағы ушыққан саяси ахуал, АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясы, рубльдің құнсыздануы, бәрі-бәрі Путиннің жүрегіне салмақ түсірмей тұрсын ба?! Күн сайын жалындап сөйлеп, көгілдір экраннан түспейтін адамды бір сәтке жоғалтып алсаң, түрлі ойға ерік беретінің кәдік. Оның өзі әлемді аузына қаратқан алып елдің Президенті болса. Бір күн ауру, бір күн сау Ислам Кәрімов болса, бұлайша дүрлікпес еді жұртшылық. Осыған дейін біздер теледидардан Путиннің қара белбеуді шарт буып, шығыс жепе-жегімен айналысып жатқанын, одан қалса, теңізшілердің «тельняшкасын» киіп, көк теңізде жүргенін жиі көретінбіз. Ақпарат құралдары Путиннің 5 наурыздан бері журналистердің назарына ілкпегенін қызу талқылап жатыр. Дәл осы күні ол Италияның Премьер-Министрі Маттео Ренциді қабылдағаны белгілі. Соңғы рет Ресей Президентінің әкімшілігінің ресми сайты В.Путиннің Карелия Республикасының басшысы Александр Худилайненмен кездескен фотосын жариялады. Білетіндер бұл фото 4 наурыз күні түсірілгенін айтып қалды. 6-наурыздан бастап Ресей басшысы журналистердің қатысуынсыз біраз шенеунікті қабылдағаны белгілі. Айталық, 10 наурыз күні В.Путин Ямал-Ненецк автономды округінің  губернаторы Дмитрий Кобылкинді қабылдаған. Бұл кездесуге де журналистер қатысқан жоқ. «РБК» сайты 10 наурызда В.Путиннің губернатормен кездеспегенін жазды.

Ал ресми Астана Ресей президентін 12 наурызда күткен еді. Бұл жолы Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары өзара бас қосып, экономикалық байланыс және Украинадағы саяси жағдайды талқылауы тиіс болатын. Кездесу кейінге ысырылды. Неге бұлай болғаны әзірге жұмбақ. Беларусь тарабы кездесуге қатысты түсініктеме беруден мүлде бас тартты. Кремльдің баспасөз қызметінің жетекшісі «Путин дін-аман, денсаулығы жақсы. Қол алысқан адамның қолын сындыратындай қайратты» деп көкейдегі көп сұраққа қағытпа әзілмен жауап берді. Кім білген, бәріміз пендеміз ғой...

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар