Путин: Ресей Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр

Кәмшат Тілеухан 19 мау. 2025 10:11

Ресей Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты, оның ішінде үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу бағытында кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресей Президенті Владимир Путин халықаралық ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып.

Кездесу Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында өтті.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені директорының орынбасары Асқар Жалдинов сұрақ қойды:

— Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық оң серпін сақтап отыр. Жаһандық сын-тегеуріндер жағдайында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін не істеуге болады деп ойлайсыз?

Бұл сауалға жауап берген Владимир Путин энергетика саласы екіжақты ынтымақтастықтың әрдайым басты бағыты болғанын атап өтті.

— Қазір біз энергия ресурстары мен газ жеткізу аясын кеңейтуді қарастырып отырмыз. Кеңес одағы кезінде газ инфрақұрылымы Ресейден Қазақстанға жеткізуге бейімделіп құрылғаны белгілі. Сол себепті Қазақстанда өзіндік инфрақұрылым объектілері салынбаған болатын. Қазір Қазақстан Президентімен энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз. Біз үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығу жолдарын, сондай-ақ қазақстандық мұнайды жеткізу бойынша логистикалық маршруттарды ұйымдастыру мәселесін қарастырып отырмыз, — деді Путин.

Оның айтуынша, Қазақстан экспортына арналған мұнайдың негізгі бөлігі Ресей арқылы өтеді.

— Сіздер білесіздер, қазақстандық экспорттық мұнайдың негізгі көлемі Ресей Федерациясы арқылы тасымалданады. Негізгі бағыт – Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы. Тағы басқа бағыттар да бар. Бірақ экспортқа шығарылатын мұнайдың басым бөлігі Ресей арқылы өтеді. Біз Қазақстанның мұнай экспортын әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз және бұл бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Ресей Президенті.

Сондай-ақ ол Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану, спутниктік топтамаларды дамыту және бірлескен зерттеулерді қамтитын ғарыш саласындағы ортақ жобаларды да еске салды.

Айта кетейік, осы жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының 95%-ға жуығы ұлттық валюталармен жүзеге асырылатыны айтылды.

Әлемдік жетекші ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесуде Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы ерекше қарым-қатынас жайлы да пікір білдірді.

— Бізде Қазақстанмен ерекше қарым-қатынас бар. Бұл айқын, мұны бәрі жақсы түсінеді. Бұл – одақтастық қарым-қатынас сөздің тура мағынасында. Ортақ тарихымыз, бір мемлекеттің құрамында болғанымыз, адамдар арасындағы жеке әрі гуманитарлық деңгейдегі терең байланыстар — мұның бәрі аса маңызды, — деді В. Путин.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сынды іргелі интеграциялық бірлестіктердің мүшесі екенін айтып, бұл фактор екіжақты байланыстарды нығайтуға ықпал етіп отырғанын атап өтті.

— Бұл біз үшін аса маңызды бағыттағы өзара іс-қимылды дамытуға жағдай жасайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара — әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Бұл да елеулі фактор. Осы тұрғыдан алғанда да біз ынтымақтастықты жалғастырамыз, — деді Ресей Президенті.

Ол Қазақстанмен қарым-қатынаста ешқандай кедергі көріп тұрмағанын айрықша атап өтті.

— Тағы да атап өткім келеді: Қазақстан – біз үшін ең жақын мемлекеттердің бірі. Бұл — біздің одақтасымыз. Қарым-қатынастарымыздың дамуына кедергі келтіретін ешқандай мәселе көріп тұрғаным жоқ, тіпті ешқандай, — деді Путин.

Сондай-ақ, ол Мәскеу мен Астана ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздестіруді жалғастыратынын айтты.

— Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен үнемі кездесіп тұрамыз. Ол бізге келеді, мен де Қазақстанға үлкен ықыласпен барамын. Үкімет, министрліктер, соның ішінде Сыртқы істер министрліктері деңгейінде кеңес беру және өзара іс-қимыл үздіксіз жүріп жатыр, — деп түйіндеді сөзін Ресей Президенті.

Бұған дейін Ресей Президентінің Иран Мен Израиль қақтығысына қатысты белдірген көзқарасы туралы жазғанбыз.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар