Балқашта 260 келіден астам балықты заңсыз аулағандарға үкім шықты

Балқашта 260 келіден астам балықты заңсыз аулағандарға үкім шықты
pixabay.com

Алматы облысында Балқаш көлінен 260 келіден астам балықты заңсыз аулаған браконьерлерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Балқаш аудандық сотының мәліметінше, сотталушы Т. кінәлі деп танылып, оған үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол үш жыл бойы балық аулау қызметімен айналысу құқығынан айырылып, пробациялық бақылауға алынды және жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Мемлекетке келтірілген шығынның қалған бөлігі толық өндірілді.

Іс бойынша екінші айыпталушы П. құқық бұзушылық жасаған кезде психикалық жағдайына байланысты есі дұрыс емес деп танылған. Осыған байланысты ол Қылмыстық кодекстің 16 және 75-баптары негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сот оған тұрғылықты жері бойынша дәрігердің амбулаториялық бақылауы мен ем қабылдауды тағайындады.

Сот дерегінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігі 4 және 5-тармақтары бойынша қаралған.

2025 жылғы 30 қазанда «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция мен балық инспекциясының қызметкерлері Балқаш көлінде екі азаматты ұстаған.

Олар «Yamaha-40» қозғалтқышы орнатылған қайық пен ұзындығы 500 метр синтетикалық ауларды пайдаланып, 261 келі балықты заңсыз аулаған. Нәтижесінде мемлекетке 1 277 506 теңге көлемінде залал келтірілген.

Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының кінәсін толық мойындауын, шын өкінуін және мемлекетке келтірілген 890 мың теңге шығынды ерікті түрде өтеуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Үкім заңды күшіне енді.