Алматының Әуезов ауданында стихиялық сауда жүргізілген жеті ірі нүкте толық жойылды. Бұл туралы аудан әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, бұған дейін аталған орындарда киім-кешек, көкөніс, сүт өнімдері мен гүлдер рұқсатсыз сатылып келген.
Заңсыз сауданы тоқтату жұмыстары Алматы әкімі тапсырмасы аясында, белгіленбеген орындардағы сауданың жолын кесу және қаланы абаттандыру қағидаларын сақтау мақсатында жүргізілген.
Сатушылармен қолданыстағы заң талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары өткізілген.
Жыл басынан бері аудандық полиция басқармасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-бабы бойынша заңсыз сауда жасағандарға қатысты 698 әкімшілік хаттама толтырып, 3,4 млн теңгеден астам айыппұл салған.
Сонымен қатар 505-бап бойынша абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 1 386 хаттама рәсімделіп, 5,3 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері Әуезов ауданында 192 стационарлық емес сауда нысаны демонтаждалған.