"Путин өзінен көрсін...". АҚШ билігі Кремльге қатысты соңғы әрі нақты шешім қабылдады

Dalanews 03 мам. 2022 17:51 870

АҚШ-тың Украинаға қатысты стратегиясы соғыс басталғалы бірнеше рет өзгерген. Ақ үй әуелде Киевтің Кремльге төтеп береріне күмәнмен қараған деп хабарлайды Dalanews.kz америкалық эксперт Энн Эпплбаумға сілтеп.

Шығыс Еуропа, соның ішінде Украина мен Ресейді зерттеумен айналысатын сарапшы соңғы апталарда Батыс пен АҚШ-тың Киевке қатысты ұстанымы нақты айқындалғанын айтады. Батыс елдері Украинаға қол ұшын созуға біржолата бекінген.

"Соғыс басталғалы Американың стратегиясы сан рет өзгерді. Вашингтонның Киевке қатысты ұстанымы соғыс ұзарған сайын сан құбылып, ақыры тұрақ тапты. Нақты үш кезеңді атап көрсетуге болады.

Ақ үй алғашында: "Орыстар Украинаны екі-үш күннің үшінде отарлайды. Зеленскийді оқ пен оттың ортасынан аман-сау алып шығуымыз керек, осы міндетті ойдағыдай орындасақ та жеткілікті", – деп пайымдады.

Киев агрессордың бетін қайтарып, орыстарды астананың аумағынан қуып шықты. Зеленский елден кетуден үзілді-кесілді бас тартты. Батыстағы скептиктердің аузына құм құйылды.

Украин халқының қайсарлығына тәнті болған Ақ үй Киевке тактикалық қару-жарақ тасымалдай бастады. Бұлар негізінен жедел жеткізуге болатын құрал-жабдықтар еді.

"Украин халқынан мұндайды күтпеп едік. Бұлар жауынгер ұлт екен. Күші басым жау алдында жасыған жоқ. Біздің болжам орындалмады. Ендеше не тұрыс, бұларға қол ұшып созайық", – десті АҚШ билігі.

Ал соңғы 10 күнде АҚШ-тың Кремльге қатысты позициясы күрт өзгерді. Бұл – үшінші саты.

Киевтің осы соғыста жеңіске жетеріне көзі жеткен Америка Мәскеудің қабағына қарап сөйлейтін позициядан біржолата, түбегейлі бас тартты. Путиннің ядролы қаруды қолдануға дәті бармайтынын, дәрмені жетпейтінін түсінді.

"Біз Украинаға осы соғыста жеңіске жетуге жәрдемдесуіміз керек". АҚШ билігінің ақырғы және актуалды позиция осы!"


– дейді Эпплбаум.

...

Америкадағы саяси элитаның санасындағы дүмпу Батыс елдерін де шарпыпты. Лондон, Париж, Варшава секілді Батыс өркениетінің бетке ұстар астаналары Киевке болысуға тас-түйін дайын отыр. Ресей армиясының күлін көкке ұшырмайынша Мәскеуден ескен қауіп сейілмейді, тек сол арқылы ғана соғысқұмар Путиннің сазайын беріп, сабасына түсіруге болады.



Сөй деген Эпплбаум (суретте) Еуропаның етегінен тартып, Батысты осы соғысқа араласпауға үгіттеп отырған елдің атын атапты. Бұл ел - Германия.

Соғыстан зәрезап болған неміс билігі мәселені дипломатия жолымен шешкісі келеді-ақ. Өкінішке орай, Путин диктатурасы дипломатияның тілін мүлдем түсінбейді. Бұған соңғы кездері неміс қоғамының да көзі жете бастаған.

"Кремльмен кикілжіңге келгісі жоқ Шольц билігі "Ресейдің сазайын беруге" үндеп отырған қоғамның талап-тілегіне құлақ асуы тиіс. Германия соғысқа қатысты сөз мәнерін өзгертіп, позициясын қатаңдатуы қажет-ақ!

Путинді дер кезінде тежемесек ертең күллі өркениеттің күлі көкке ұшады. Неміс халқы осылай деп отыр. Бүтін бір ұлтты жер бетінен жойғысы келетін Ресейге тойтарыс бермесек, Кремль көсемі көздеген мақсатына жетіп тынады", – дейді сарапшы.

...
Эпплбаум орыстың Украиндағы соғыс тәсілі совет үкіметінен бері өзгермегенін айтады. Ресей репрессияны ұнатады. Путиннің шапқыншылығы өткен ғасырды еске түсіреді. Украинаның бірталай елді-мекенін басып алған басқыншылар бас көтереді-ау деген тұрғындарды жаппай қамауға алуда.

Үй-үйді тінтіп, Украинаның байрағы мен елдің өткен-кеткеніне қатысты құнды мұраларды өртеп жіберіп жатыр. Путин армиясы адам ұрлау дейтін НКВД дәуірінен қалған сұмпайы тәсілді қолданудан арланбайды. Агрессорлар талай белсендінің қолына кісен салып, белгісіз жаққа айдап әкеткен.

"Қыз-келіншектер қылмыскерлердің мазағына ұшырады. Бейкүнә балалар азап шекті. Оккуппантардың оғына ұшқан ондаған, жүздеген адамның сүйегі көмусіз қалды. Мұны геноцид демей гөр!

КСРО құрдымға кеткенмен, Ресейдің санасы өзгермепті, өспепті. Адамды азаптауға, қорлауға келгенде келмеске кеткен жендет жүйенің жұмыс тәсіліне сүйенеді екен. НКВД-ның күнделіктері ресейлік генералдардың тартпасында тығулы жатыпты", – дейді АҚШ сарапшысы.

Эпплбаумның пікірінше өткен ғасырдың бел ортасында Еуразия құрлығын дүр сілкіндіріп, Екінші дүниежүзілік соғысты бастап берген немістер содан бергі уақытта көп өзгерген. Өткен күндердің қателігін ой елегінен өткізіп, ендігіде мұндайды болдырмауға серт еткен. Соған сай саяси саяси құрылымын толық өзгертіп, кезінде Гитлердің шапқыншылығына ұшыраған халықтардан кешірім сұраған. Бұл неміс халқының өскенінің, өзгергенінің белгісі.

Өкінішке орай, орыс халқының ой-өресі имперлік дәуірде қалып қалған. Олар орта ғасырдың өлшемімен ойлайды. Олар үшін бөгде елдің жерін басып алу жабайылық емес, керісінше орыс халқының абырой-беделін өсіретін фактор.

"Соғыс Украина үшін ЕуроОдаққа жол ашып берді. Бұл бір күннің еншісіндегі дүние емес, десе де Киевтің одаққа кіруі жеделдей түседі. Путин Батыстың мысын бастым деп ойласа, қатты қателеседі. Біз дәулетті елміз. Батыс елдерінің барлығы дерлік бақуатты тұрады. Біздің экономика Ресейді он орайды, сол секілді қауіпсіздік саласында да Кремльге дес бермейміз.

Украина осы соғыста жеңіске жетсе, Ресеймен арадағы байланысты біржолата үзуі тиіс. Коррупция украин қоғамы үшін кеселді құбылысқа айналғанын қалаймыз. Елдің Экономика министрлігіне өз адамын отырғызып қойған ат төбеліндей олигархтардың дәуірі келмеске кетуі керек. Мемлекеттік қызметке, пара ұсынғанды көрсе аллегриясы қозатын ары таза адамдардың келгенін қалаймыз. Оларға лайықты жалақы төленуі қажет. Батыс өркениетіне аяқ басу үшін Украина орыстан жұққан зиянды, кеселді әдеттерден арылуы тиіс", – дейді Эпплбаум.

АҚШ сарапшысы Ресейді жазалау саясаты қазіргі санкциямен шектелмесіне сенімді. Алдағы уақытта Мәскеуге бүгінгіден сойқан санкциялар салынады. Экономикалық, мәдени шектеулер Путиннің қос өкпесін қысып, тынысын тарылтады.

Соңғы сегіз жыл бойына Кремльге кеңшілікпен қараған Батыс бұдан былай позициясын жұмсартпайды. Путиннің еркелігіне төзіп келген Американың шыдамы шегіне жеткен.


"Осы күнге дейін Ресейге қатысты ортақ позицияны айқындай алмадық. Украинадағы соғыс Батыс елдерін бір жұдырыққа жұмылдырды. Осы үшін де Путинге алғыс айтамыз. Путиннің тұсындағы Ресей Батыстың ата жауына айналуға бекінген сынды. Біз бұл сынаққа әзірміз", – дейді Эпплбаум.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар