Алматы қаласының прокуратурасы журналист Александра Сенцоваға (Алёхова) қатысты шығарылған үкімге апелляциялық өтінішхат енгізіп, жазаны жеңілдетуді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, Сенцова бұрын сотталмаған, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отыр, кәмелетке толмаған баласы бар және тұрғылықты жері бойынша оң мінездемеге ие. Сондай-ақ оның әрекеттерінде жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Осыған байланысты прокуратура соттан тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрап, апелляциялық өтінішхат жолдаған.
Прокуратура өкілдері бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайтынын атап өтті.
Еске салайық, 3 тамыз күні Алматы қаласының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алёхованы үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Алайда жаза бес жылға кейінге шегеріліп, оған 2031 жылға дейін сынақ мерзімі белгіленді. Сонымен қатар сот журналистің үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуына тыйым салды.
Қылмыстық іс Александра Алёхованың 2022–2024 жылдары Алматыдағы «Кенжехан» базарының жалға алушылары мен меншік иелері арасындағы дау туралы жарияланымдарынан кейін қозғалған. Материалдарда жалға алушылардың құқықтарын қорғаған белсенді әйелдің бұрын сотталғаны және полиция есебінде тұрғаны туралы ақпарат жарияланған. Белсендінің шағымынан кейін тергеу бұл мәліметтердің жариялануын жеке деректерді заңсыз тарату деп бағалаған. Ал қорғау тарапы барлық ақпарат ашық сот дерекқорларынан алынғанын мәлімдеді.