Астанада ҚР Ұлттық музейінің бұрынғы директоры, экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты кезекті сот процесі өтіп жатыр. Сот талқылауы кезінде прокурор оны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев Мұхамедиұлын Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп тануын сұрады. Оның ішінде қылмысты ұйымдастыру, бөтен адамның сеніп тапсырған мүлкін аса ірі көлемде иемдену немесе жымқыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, қылмысқа оқталу және рейдерлік әрекеттер бар.
"Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шеттетіліп, 12 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады",- деді Олжас Хайруллаев.
Сонымен қатар прокурор Мұхамедиұлының сыбайластарына да түрлі жаза тағайындауды сұрады.
Еске салайық, 13 ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық музейінің бұрынғы директоры, экс мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкім шығарған болатын. Ол аса ірі көлемде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды.