"Прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған". Депутат Бапи Мәжілісте рейдерлік әрекеттерді жайып салды

Cағыныш Сардарова 01 қаз. 2025 12:03

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, Нұрбол Назарбаевқа қатысты даулы мәселелерді жайып салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өткен аптада депутат Ринат Зайыт та Нұрбол Назарбаевтың мүлкін тексеруді сұрады. Ермұрат Бапидің айтуынша, Нұрбол Назарбаевқа қарсы Мәжіліс тарапынан немесе депутаттар өзара ұйымдастырған ешқандай жоспарлы әрекет жоқ.

"Мұны тек атышулы әулет өкілдерінің елде 30 жылға жуық жасаған қиянатты қысастығы мен заңсыздықтарынан зардап шекен азаматтарға қатысты әділеттілікті орнатудың ғана әрекеті деп түсіну керек.Тиісті мемлекеттік органдарда осы депутаттық сауалдарда қозғалатын мәселелерге әділеттілікті қалыптастыруға деген ықыласты және табанды ұстаным болуы тиіс деп есептейміз. Егер мүдделі құқық қорғау органдары азаматтар атынан жолданған көз жасқа толы өтініштерді жылы жауып қоятын болса, бұны Президент Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанды" қалыптастыру бастамасына қарсы жасалған нақақ қастық деп түсіну керек!" - деді ол.

Оның сөзінше, өзіне Нұрбол Назарбаевтың бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу әрекеттеріне қатысты бұған дейін де бірнеше өтініш келіп түскен. Олардың бірқатарын бұрын жазбаша түрде Бас прокурордың атына жолдаған.

"Әділет іздеген бір емес, екеу емес, бір мыңнан аса адамнан – Алматы облысы, Қарасай ауданы, бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауыты жұмысшыларының атынан келіп түскен өтінішті мен үш рет депутаттық сауал ретінде жолдағаным осында отырған әріптестерімнің есінде болар. "Мықтының арты диірмен тартады" дегендей, ағасын арқаланған Нұрбол Назарбаев бүкіл бір кеңшар жұмысшыларының жекешелендіруге берілген 9 мың гектардан аса жер үлесін тартып алғаны жөніндегі менің депутаттық сауалым Бас прокурордың алдында да сөз болған еді. Бірақ одан әділетке лайық нәтиже болмады.

Міне, сол "мықты" Нұрбол Назарбаев жасаған зорлықтан араша сұрап, рейдерлік жолмен тартып алынған бизнесін қайтарып беруді өтінген қарағандылық Қуат Ерментаев деген азаматтан тағы да өтініш түсті. Бұл жігіт сол рейдерлік шабуылдан кейін барлық мүлкінен айырылып, тақырға отырып қалған", - дейді Бапи.

Депутаттың сөзінше, бір қызығы, өтініш берушінің талабы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның мүлкін, атап айтқанда "PORUS" ЖШС-дегі үлесін рейдерлік басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған екен.

"Бірақ белгілі себептерге байланысты мен ол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалды деп айта алмадым" дейді менің депутаттық қабылдауымда болған өтініш иесі. Бірақ арада екі жыл өткенде, яғни 2024 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі "қылмыс құрамының болмауына байланысты" деген желеумен тоқтатқан. Себебі айтпасада да түсінікті: прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған. ...Заңсыздықтан зәбір көрген азаматтарға қорған болайық, Бас прокурор мырза!" - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар