Мәселен, Елбасы Н. Назарбаев көбінесе қыста демалыс алып, Шымбұлақта шаңғымен сырғанауды ұнататыны белгілі. Ал жазда Бурабай курортында демалады. Білетіндердің айтуынша, Президент Бурабайда демалғалы бері аймақта пансионаттар күрделі жөндеуден өткізіліп, курорттағы жағдай жақсы жағына қарай өзгере бастапты.
АҚШ президенті Барак Обама зайыбы және екі қызы мен итін ертіп, Массачусетс штатына қарасты аралда демалғанды ұнататынын баспасөз құралдарынан білеміз. Бұл арал Голливуд жұлдыздарының сүйікті мекені көрінеді. Президенттер Кеннеди мен Клинтон да осы аралда демалыпты.
Германия канцлері Ангела Меркель жетінші рет қатарынан Италия мен Австрияның шекарасында орналасқан провинцияны демалысын жайлы өткізетін орын ретінде таңдапты. Ол жерде ол тауға шығып, орманда серуендеп, бассейнге шомылғанды ұнататын көрінеді.
Франция президенті Франсуа Олланд атақты Версаль сарайы маңындағы резиденцияда демалғанды ұнатады екен. Бұрын аңшылардың үйі болған бұл орын генерал Шарль де Голлдың бұйрығымен Франция басшыларының резиденциясына айналдырылыпты.
Королева Елизавета Барморалдағы шотланд қорғанында демалады. Бұл резиденцияны королева Виктория мен принц Альберт 1852 жылы сатып алған. Қорғанмен қоса 20 мың гектар жері бар. Барморалда аң мен құстардың көбеюіне жағдай туғызылған. Сәуір айы мен шілде айы арасында мұнда туристердің келуіне жол ашық, қалған уақыттың бәрінде король отбасының қарамағында.
Владимир Путин демалысында Сочидегі резиденциясынан шықпайды. Ол жерде ол теңізге шомылып, жақын маңдағы көлде балық аулағанды, жүгіргенді ұнатса, Чечен Республикасының лидері Рамзан Кадыров Түркияда демалғанды қалайды екен.
Ал Өзбекстан президенті Ислам Каримов демалысын отбасы, ошақ қасында өткізгенді ұнататын көрінеді.
Ал енді арғы тарихқа үңіліп, ХХ ғасырдағы Ресей патшасы мен КСРО көсемдерінің демалысын қалай өткізгенін тәптіштеп көрелік. Қазақтар «ақ патша» деп атаған орыстың соңғы императоры Николай II ыстыққа шыдай алмайтын болғандықтан жазда екі ай бойы қоңыр салқын аймақта демалған. Суық суда күнұзақ жүзетін болған. Негізінен демалысын Қырымда: Ялтада, Севастополде өткізген. «Ақ патша» 15 шақырымға дейін жаяу жүргенді ұнатқан. Ялтада күні бүгінге дейін оның жүрген жолы «Патша соқпағы» деген атаумен аталады.
«Күн көсем» Ленин революция, азамат соғысы кезінде билік басында болғандықтан демалыс дегенді білмеген, күні-түні басы қатып жұмыс істеген адам. Байғұс Ленин патша заманында Шушаға жер аударылғанда ғана «демалған» екен. Сол кезде ара-тұра суға шомылып, балық аулап тұрыпты. Өмірінің соңғы кезеңінде денсаулығы мұрша берсе, әйелі Крупскаямен бірге машинамен қыдырғанды ұнатқан.
Жез мұрт Сталин 1932 жылға дейін – әйелі Надежда Аллилуева өлгенге дейін – Қырымда демалған. Әйелінің көзі кеткен соң тек қана Қара теңіздің Кавказ жағалауында: Сочи, Гагра, Мюссерде демалған. Дегенмен Сталин суға түсіп, күнге қыздырынуды мүлдем қаламапты. Одан да өзінің күзетшілерімен бірге орыс халқының көне ойыны «городки» ойнағанды жақсы көріпті. Тіпті көсемнің Кунцеводегі саяжайында «городкиге» арналған ашық алаң болған. Сол жердегі қоқыс тастайтын бос жәшік кейде жеңгендерге, кейде жеңілгендерге сыйлық ретінде тапсырылыпты. Бірақ Сталин сирек жеңілген: әріптесі «городки» бойынша спорт шебері болған. 1925 жылы Сталин бильярд ойнауды үйреніп, өле-өлгенше тастаяқ ойнауын тастамапты. Көсемнің көзіндей болып оның саяжайында әлі күнге дейін бильярд столы тұр деседі.
Мұрағаттағы кейбір құжаттар бойынша, «халықтар әкесінің» демалысы кейде үш айға дейін созылған. Отызыншы жылдардың басында ол Мәскеуден шілденің аяғында кетіп, Қазан мерекесіне қарай қайтып оралған. КСРО-ның еуропалық бөлігін пойызбен, теплоходпен, кейде автомобильмен аралауды жақсы көрген.
Барып тірелетін жері, әрине, Кавказ жағалауындағы курорттар, Грузиядағы сүйікті орны, ара-тұра Қырым болғаны анық. Жез мұрт көсем соғыстан кейінгі бірінші демалысын 1947 жылы Қырым мен Сочиде өткізіпті. Сол кезде бірге болған әйелінің естелігіне қарағанда, көсем түске дейін ес-түссіз ұйықтап, тал түсте таңғы асын, кешкі тоғызда түскі асын зорға ішкен, түн жарымына дейін жолдастарымен ұзақ әңгімелесетін болған.
Сталин ең соңғы демалысын 1952 жылы күзде алған екен. Бұл кезде көсемнің жарық дүниеде жер басып жүруіне бірнеше ай ғана қалған еді.
Қасқа бас Хрущев Украина Орталық Комитетінің бірінші хатшысы кезінен бастап Қырымда демалуды ұнатқан. КСРО-ның қожайыны болған соң өзінің туған республикасындағы сүйікті жарты аралына деген махаббаты онан сайын артқанға ұқсайды. Хрущевтің Пицунде мен Кавказда да керемет саяжайы болған.
Қасқа бас көсем онда көктем мен жазда, күзде жиі барып тұрғанды ұнатқан. Оның бір себебі 1962 жылы Хрущевтің денсаулығы төмендеп, күрт семіре бастаған. Дәрігерлер оған алты сағат қана жұмыс істеуге рұқсат беріп, ОК арнайы шешіммен демалысын екі айға дейін созып берген. 1964 жылы Хрущев Пицундада қазан айының жылы шуағына рахаттанып жатқанда, Мәскеуде ОК-тің шұғыл пленумы болып, онда Никита Сергеевич тақтан тайдырылған.
Леонид Брежневке де ОК арнайы шешіммен 1979 жылдан бастап екі айлық демалыс тағайындапты. Әдетте Брежнев шілде айының басында демалысқа шығатын болған. Қырымда Ялтадан онша қашық емес жердегі сүйікті резиденциясында демалған. Айнала қалың бау-бақша болғандықтан, 30 градустық ыстықта да бұл жер жанға жайлы қоңыр салқын болған. Генсектің демалыстағы күн тәртібі ешқашан өзгермепті: таңғы сағат 7-де тұру, сағат 9-ға дейін суда жүзу, одан кейін таңғы ас... 70 жастан асқан соңақ Брежнев таңғы жаттығу жасауға ерініп, қол-аяғын аздап тырбаңдатумен шектеліпті.
Юрий Андропов КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарып тұрғанда да, генсек кезінде де теңізге барып көрмепті – әлсіз денсаулығы оған жар бермеген. Тек қана Кисловодскіге барып, минералды су ішумен шектелген. Суға шомылмаған, тек қана аздап жаяу жүрген. Ары кеткенде бір жарым ай ғана демалған.
Әрине, көсемдердің бәрі де аңға шықпай тұра алмаған. Кейбір саяси мәселелер аңшылықта шешімін тауып отырған. Қолы боста жоғарыдағы Николай патша қарға атуды жақсы көрген, оның өлтірген қарғаларының саны 3341-ге жетіпті. Сталин Джугашвили кезінде қашып-пысып жүріп аңшылықпен, қақпан құрумен және балық аулаумен күнелткен. Сол кезден қалған аңшылығы болар, жез мұрт көсемнің бертінге дейін ара-тұра аңға шығып тұратын кезі болған. Бұл туралы күлдіргі әңгімелер көп. Соның бірінде Сталин мен Молотов аңға шығыпты дейді. Үйрек ұшып барады. Сталин «тарс» еткізгенмен тигізе алмайды. Молотов:
– Таңғаларлық, жолдас Сталин! Өлген үйрек ұшуын жалғастырып барады.
1964 жылы қыста Хрущев пен Фидель Кастроның бірігіп аңға шыққаны жайында естеліктерде айтылады. Хрущев сол кезде екі үлкен қабан, екі тауешкі, төрт қоян атып алады. Кастро да қалыспайды: бір бұғы, екі тауешкі мен қабанды сұлатып салады. Аңшылықтан олжалы қайту – саясатта да олжалы болды деген сөз, әрине.
Леонид Ильич Брежнев те аңшылықты сүйген. Өзі мылтықты жақсы ата білген және әркелкі қару жинауды өте жақсы көрген. Сейфінде тоқсан мылтық сақтаулы тұрған. Осы әлсіздігін жақсы білетін достары мен әріптестері туған күнінде немесе оңтайлы сәтте генсекке шетелдік жақсы қару сыйлауды әдет қыпты.
Бір күні аңға шыққан Брежнев алып қабанды атып салады. Қабан ұшып түседі. Көңілі жайланған Леонид Ильич қай жерінен оқ тигенін тексермек үшін әдеттегідей қабанға қарай маң-маң басып келе жатады. Сөйтсе, қабан өлмеген, жараланған екен. 20 метрдей жақын қалғанда жатқан қабан орнынан атып тұрып, Брежневке қарай тұра ұмтылады. Генсектің қасындағы орманшы дереу карабиннен екі рет атып, тигізе алмайды. Ашулы қабан Брежневті емес, қасындағы күзетшісін сүзіп өтіп, орманға сіңіп жоғалады. Жаралы қабанды қанша іздестірсе де таптырмайды. Естелік айтушылардың әңгімесіне қарағанда, сол кезде Брежнев қорықпақ түгілі қалың қасын да қақпапты.
Ел билеушілер де ет пен сүйектен жаралған адам, олар да жұрт назарынан оңашада емін-еркін демалғанды ұнатады. Сондықтан олардың бәрінің қолы бос кезіндегі сүйікті істерін түгел таратып айту қиын.
Төреғали ТӘШЕНОВ
«Айқын» газеті