Президент Ұлттық құрылтайда діни ахуал мен алаяқтық мәселесін көтерді

Қаракөз Амантай 14 нау. 2025 16:25 182

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев діни ахуал мен қоғамдағы алаяқтық әрекеттерге ерекше тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни жағдайға алаңдаушылық білдірсе, құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева мен Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын атап өткен.

"Теріс діни ағымдарға және қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет. Біз елдегі діни бостандықты қамтамасыз етеміз, бірақ бұл жүгенсіздік пен тәртіпсіздікке жол беруді білдірмейді. Дін – ұлтты ұйыстырудың маңызды факторы. Сондықтан діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талаптарға сәйкес болуы керек. Бұл мәселеге жан-жақты қарау қажет, соның ішінде заңнаманы заман талабына бейімдеу өте маңызды", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент құрылтай мүшелерінің қоғамдағы алаяқтық әрекеттерге қатысты алаңдаушылығын да қолдайтынын жеткізді.

"Қайырымдылықты желеу етіп, халықтан ақша жинап, оны өз пайдасына жұмсайтын адамдар көбейіп кетті. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтың өршуі де алаңдатады. Бұдан бөлек, халыққа ақыл айтып, психологиялық көмек ұсынамын деп, пайда көздейтін жалған психологтар мен "коучтар" саны артып келеді. Оларға сеніп, алданып қалған азаматтардан көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек орынды көтерді. Жауапты органдар оны ерекше бақылауға алуы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар