Президент Тоқаев Chevron басшысы Майкл Уиртті қабылдады

Сағыныш Сардарова 14 сәу. 2025 15:18 641

Мемлекет басшысы Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен америкалық Chevron энергетикалық корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы стратегиялық әріптестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасын талқылады.

Мемлекет басшысы Chevron компаниясымен серіктестік еліміздегі энергетика саласын тұрақты дамытуда негізгі рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Майкл Уиртті "Теңіз" кен орнын кеңейту жобасының табысты аяқталуымен құттықтады.

Кездесуде ірі инвестициялық жобаларға, соның ішінде газ және мұнай химиясы өндірісіне ерекше назар аударылды.

Президент отандық компаниялардың мұнай-газ секторындағы үлесін арттырудың өзектілігін атап өтіп, Chevron компаниясымен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екеніне тоқталды.

Майкл Уирт Қазақстан компанияның стратегиялық әрі сенімді серіктесі болып қала беретінін жеткізді.

Сондай-ақ, "Теңізшевройл" бірлескен кәсіпорны 1993 жылдан 2024 жылға дейін елімізге айтарлықтай инвестиция салғанын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар