Президент реформаларының жаңа логикасы: жылдамдық, репрезентативтілік және ұлттық мазмұн

Самал Асқар 21 қаң. 2026 14:35

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың жүйелілігі мен сабақтастығына ерекше мән берді. Бұл бастамалар елдің саяси институттарын жаңғыртуға ғана емес, өзгермелі геосаяси жағдайда мемлекеттің тұрақтылығы мен бейімделгіштігін арттыруға бағытталған. Актуалды саясат институтының (ICP) директоры, социология ғылымдарының докторы, профессор Сергей Коновалов қазіргі реформалардың ерекшеліктерін, Ұлттық құрылтайдың эволюциясын, өкілді биліктің сапасын арттыру тетіктерін және «Жаңа әділетті мемлекет» моделінің институционалдық негіздерін сараптайды.

– Президент Қызылордадағы Құрылтайда реформалардың жүйелілігі мен сабақтастығын ерекше атап өтті. Қазіргі бастамалардың алдыңғы саяси реформалардан басты айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

– Негізгі айырмашылық – шешім қабылдау жылдамдығында. Қазіргі жағдайда шешімдер көбіне экстремалды режимде қабылдануға мәжбүр. Геосаяси ахуал мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерді ескерсек, мұндай жылдамдық – өміршеңдіктің факторы. Саяси жүйе барынша икемді болу және ішкі-сыртқы сигналдарға дұрыс жауап беру үшін модификациялануда.

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың қоғам мен билік арасындағы диалог алаңы ретіндегі рөлін күшейтуді ұсынды. Сіздіңше, бұл институттың нақты саяси шешімдерге ықпал ету тетіктері қалай жұмыс істеуі тиіс?

– Құрылтай идеясының өзі енді Парламент атауына ауысып отыр. Мұнда аутенттілік элементі бар. Президент ұлттық-патриотизм факторын айта бастады. Бірақ бұл популизм емес, саналы патриотизм туралы әңгіме. Сондықтан Парламенттің құрылтайға трансформациялануы ұлттық рухты, соның ішінде атау мен атрибуттар деңгейінде де күшейтеді.

– Саяси жүйені жаңғырту аясында айтылған бастамалар Қазақстандағы өкілді биліктің сапасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Бұл – өкілділік жүйесін модернизациялау. Мысалы, ұзақ уақыт бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсатқа сәйкестігі талқыланды. Этносаралық келісім саясатының элементі ретінде ол сөзсіз қажет. Алайда оның институционалдық дизайны жаңа саяси парадигмаға толық сай келмеді. АНК-ның бұрынғы форматы – ескі мен жаңа дәуір арасындағы ымыра, посткоммунистік транзиттің бір бөлігі еді. Дегенмен Ассамблея өзінің өміршеңдігін дәлелдеді және енді Үлкен саяси кеңестің құрамына енеді. Бұл – прогрессивті қадам.

– Президент өңірлердің, соның ішінде Қызылорда облысының дамуына айрықша назар аударды. Бұл бастамалар өңіраралық әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті қысқартуға қабілетті ме?

– Ұлттық құрылтайлардың өзі және оларды өткізу тәжірибесі өңірлік акценттерді күшейтеді. 2022 жылы әкімшілік-аумақтық реформа жүргізілді. Әрбір өңірге жүйелі түрде қолдау тетіктері ұсынылуда. Өңірлік даму басымдықтарының қалай қойылып жатқанын Астанадан-ақ көруге болады. Екі жыл бұрын елорда су тапшылығы үшін сыналса, бүгінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жылдам іске асырғаны үшін мақталуда. Өңірлерде даму қарқыны әртүрлі, бірақ орталық саясат түптеп келгенде шешуші рөл атқарады. Жергілікті бюрократия модернизацияда негізгі орын алады. Бұл – Қазақстанның өзге елдерден ерекшелігі.

– Құрылтайда әлеуметтік әділеттілік пен жауапты мемлекет қағидаттары қайта көтерілді. Бұл ұстанымдар жақын болашақта нақты заңнамалық немесе институционалдық шешімдерде қалай көрініс табуы мүмкін?

– Қазақстан әлі де транзиттік мемлекет. Біз өзгеріп, егемен елге тән өз бейнемізді қалыптастыру үстіндеміз. Глобализация, глокализация, фрагментация, джентрификация сияқты үдерістер әлеуметтік кеңістігімізге әрқалай әсер етуде. Мемлекет үшін бүгінгі маңызды міндет – ұлттық-патриоттық идеяға негізделген құндылықтық өзекті сақтау. Бұл – «қазақылықтың» интеллектуалдық тұрғыдан күрделі идеясы. Билік мәдени саясат, әлеуметтік инженерия және идеологиялық конструирование арқылы ұлттық кеңістікті шайылудан қорғауға ұмтылады. Ең басты ой – әр адамның таңдау құқығын қорғау. Құндылықтарды сақтау керек, бірақ оларды күштеп таңуға болмайды. Бұл – мемлекеттің жүргізуі тиіс күрделі әрі ақылды жұмыс.

– Экономикалық модернизация мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері де күн тәртібінде болды. Ұсынылған бағыттар ұзақ мерзімді тұрақты даму моделін қалыптастыру үшін жеткілікті ме?

– Ең күрделі әрі принципті мәселе – көмір қорымен не істеу керек деген сұрақ. Біздің тау-кен саласы әлі де көмірді пайдалануға негізделген. Алайда көмірді қолдану кезінде экологиялық жүктемені азайтатын ғылыми тәсілдер мен технологиялар бар. Бұл ретте отандық ғалымдардың әзірлемелерін пайдалану қажет, соның ішінде ұнтақталған көмірді жағу технологиясы. Бірақ бұл мәселе қатаң бақылауда, «қолмен басқару» режимінде болуы тиіс.

– Президент қоғамның саяси мәдениетін арттыру қажеттігін атап өтті. Ұлттық құрылтай бұл бағытта қоғамдық санаға нақты ықпал ете ала ма?

– Ұлттық құрылтай бұрынғы форматында өзінің тарихи миссиясын орындады. Ол ұлттық идеялар мен өңірлік мәселелер кеңістігін «сканерлеуге», қоғамдық сананы тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Енді біз дихотомиялық модельге өтудеміз: заңнамалық және кадрлық шешімдерге жауапты Құрылтай болады, ал дінилік, этностық секілді ірі түйіндерді қамтитын Халықтық кеңес қалыптасады. Біз постсекулярлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз, яғни дін қоғамнан бөлінбейді, ол қоғамдық психологияның, өмірлік практикалардың бір бөлігіне айналды. Сондықтан «жұмсақ» тақырыптардың институционалдық деңгейде пысықталуы аса маңызды.

– Қызылордадағы Құрылтайда айтылған бастамаларды реформалардың жалпы логикасы тұрғысынан бағаласақ, олар Қазақстандағы «Жаңа әділетті мемлекет» моделін қаншалықты институционалдық тұрғыдан нығайта алады?

– Әділеттілік – бұл ең алдымен репрезентативтілік мәселесі. Белгілі бір топтардың даусы өздеріне ұқсас өмірлік тәжірибесі бар референттік топтар арқылы жақсы естіледі. Сондықтан заң шығарушы органға айналатын Құрылтайда әлеуметтік квоталаудың сақталуы өте маңызды. Әйелдер, жастар, инклюзивті топтардың өкілдігі мемлекет тарапынан кепілденеді. Бұл – қосымша қолдауды қажет ететін топтар үшін позитивті дискриминация элементі. Ал АНК-ның этникалық квотасына келсек, соңғы қырық жылға жуық уақытта біз өзара байланысқан, ішкі бірлігі бар қауымдастық ретінде қалыптастық. Сондықтан ендігі міндет – мемлекеттік құрылыстың жаңа деңгейіне көшу. Парламенттік реформа – көпқұрамды қоғам жағдайында топтардың өкілдігін күшейту. Саясат барған сайын нәзік әрі интеллектуалдық тұрғыдан күрделі бола түсуде. Меніңше, негізгі мән де осында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove