Президент «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумына қатысты

Көркем Алдабергенова 09 мау. 2025 18:00

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары екі елдің стратегиялық әріптестігін жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық байланыстарға тың серпін беретінін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Бұл сапар Қазақстан мен Болгарияның 30 жылдан аса жалғасып келе жатқан өзара сенім мен құрметке негізделген байланысының жаңа кезеңін бастайды. Болгария – біз үшін сенімді дос әрі маңызды стратегиялық серіктес. Дегенмен сауда мен инвестиция саласында игерілмей жатқан мүмкіндік мол. Осы әлеуетті іске асыру үшін Қазақстан-Болгария үкіметаралық комиссиясының жұмысына үлкен мән береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, екі елдің экономикалық ынтымақтастығын дамытуда үш негізгі басым бағыт бар. Соның біріншісі – көлік-логистика инфрақұрылымы.

«Қазақстан мен Болгарияның географиялық орналасуы бірегей артықшылық береді. Біз Еуразияның ортасында орналасқандықтан, құрлықаралық тасымалда шешуші рөл атқарамыз. Қазірдің өзінде Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтуде. Соңғы жылдары Орта дәліз инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Жаңа теміржол желілері, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтардың арқасында былтыр Орта дәліз арқылы жүк тасымалы көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті.

Бұл – дәліздің стратегиялық маңызының артып келе жатқанының нақты дәлелі. Біз 2028 жылға қарай жүк тасымалын 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Осы ретте Болгарияның Қара теңіздегі ең ірі порты – Бургастың Орта дәлізге қосылуы екі елдің логистикалық ынтымақтастығына қуатты серпін берер еді», – деді Мемлекет басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар