Президент: Жер тек қадірін білетін азаматтарға берілуі тиіс

Ақтоты Жапатова 08 қыр. 2025 11:52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жер қатынастарына қатысты түйткілдерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерінің бар игілігі елдің дамуына және халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсалуы керек, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек», – деді Тоқаев.

Оның дерегінше, 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Алайда әкімдіктер соның тек 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп үлгерген.

«Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе», – деп атап өтті Президент.

Осыған байланысты өңір әкімдеріне қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізу тапсырылды. Бұл шара жайылым тапшылығын шешуге де мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жоюдың маңыздылығына тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет», – деді ол.

Президент бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажеттігін де ерекше атап өтті. Бүгінде космомониторинг пен геоталдау жүйесі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға септігін тигізуде. Енді жасанды интеллект арқылы жердің сапасына, егіннің шығымына және дақылдардың жай-күйіне терең талдау жасалатын болады.

Мемлекет басшысы бұл тәсіл орман шаруашылығына да қатысты екенін еске салды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 9 мың гектар орманның иесіз жатқаны анықталған.

Сондай-ақ Президент бірыңғай цифрлық жер картасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жүйеге кадастрлық мәліметтермен бірге инфрақұрылым және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпарат та енгізілмек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар