Президент бастамалары Қазақстанды халықаралық аренада тұрақты және беделді мемлекет ретінде көрсетеді

Dalanews 05 қаң. 2025 17:58 641

Тәуелсіздікті сақтау және төл тілді тұғырға құндыру, ұлттық мәдениетті дамыту  – елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылығын нығайтып, халықтың бірлігін бекем, тірлігін баянды етеді. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты көптің көкейіндегі сан сұраққа жауап берген іргелі жарияланым болды дейді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының мақаласы еліміз үшін маңызды бағыттарды айқындап, халықаралық аренадағы орнымыз мен ішкі саяси тұрақтылықты арттыруға бағытталған стратегиялық қадамдарды ұсынады.  Қазақстанның дамуы үшін жүзеге асырылу тиіс басым бағыттар жөнінде саясаттанушы Қазбек Майгелдиновпен сұхбаттасқан  едік.

Егемендік пен ұлттық бірегейлікті нығайту

Президент мақаласында тәуелсіздік пен ұлттық бірегейліктің маңыздылығы туралы айтылған. Егемендікті нығайту және қазақ тілін дамыту бағытындағы стратегиялық шешімдер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықаралық аренадағы беделіне қалай әсер етеді?  

Мемлекет басшысының «Мақсатым– экономиканы және егемендікті нығайту» мақаласын елдің ішкі және сыртқы саяси бағыттары және әлеуметтік экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарын түсінуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақала ретінде қарастырамын. Президент мақалада тәуелсіздік пен ұлттық бірегейлік мәселесіне басымдық беріп отыр. Өйткені, егемендікті нығайту мәселесі ел  дамуының негізгі іргетасы. Бұл Қазақстанның өз бағытын айқындау қабілетін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Қазіргі таңда халықаралық аренада геосаяси турбуленттік күшейіп, қақтығыстар артып келеді. Осы жағдайда тәуелсіздікті сақтау өте маңызды. Мысалы, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс және әлемдегі геосаяси тұрақсыздық Қазақстан үшін тәуелсіздіктің нәзік әрі маңызды ұғым екенін еске салады. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл мәселеге басымдық беруі – елді сыртқы қысымдардан қорғауға бағытталған стратегиялық шешім деп айтуға болады.

Бұл жерде бір мысал келтіре кетейін, Ақтаудағы әуе апаты кезінде еліміз өзінің тәуелсіз шешім қабылдауға қабілетті екенін көрсетті. Мәселен, қара жәшікті ТМД елдерінің арнайы комиссиясына емес, Бразилиядағы әуе апаттарын зерттейтін комиссияға беру туралы шешім қабылданды.

Президент қазақ тілін дамытудың және ұлттық мәдениетті ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Тіл – мемлекеттің тірегі, ұлттың айнасы, елдің мәдени және рухани тұтастығының негізі. Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы қоғамдағы ортақ құндылықтарды қалыптастырып, халықтың бірлігін нығайтады. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметтің халықпен тығыз байланыста болуына мүмкіндік береді. Қазақ тілі ғылым, бизнес, технология және саясат үшін кеңінен қолданылатын тіл болуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білу талабы қоғамда ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталады деп есептеймін. Сол арқылы ана тілді білуді насихаттау, жастар арасында тілдің мәртебесін көтеру және мемлекеттік деңгейде қазақ мәдениетін ілгерілету мүмкін болады. Ұлттық бірегейлік елдің мәдени, тілдік және рухани тұтастығын қамтамасыз етеді. Қазақстан сияқты көпұлтты ел үшін бұл фактор халықтың бірлігі мен тұрақтылығының маңызды кепілі. Президент те бұл мәселеге ерекше назар аударып, ұлттық бірегейлікті нығайту арқылы елдің ішкі тұтастығы сақталып, болашақ ұрпақтың тарихи және мәдени мұраға деген құрметі қалыптасатынын жеткізіп отыр.

 

Экономиканы әртараптандыру және тұрақтылықты қамтамасыз ету

Экономиканы әртараптандыру бағытында қолға алынған шаралардан қандай нәтиже күтуге болады?

– Президенттің 2019 жылдан бері алға тартып келе жатқан маңызды басымдықтарының бірі – экономиканы әртараптандыру, яғни мұнай тәуелділігін азайту. Қазақстан экономикасы ұзақ жылдар бойы мұнай мен шикізат экспортына тәуелді болып келді. Бірақ жаһандық нарықтағы тұрақсыздық, доллар бағамының өсуі және мұнай бағасының ауытқуы бұл тәуелділікті қауіпті етеді. Сондықтан Президент жаңа салаларға инвестиция тарту арқылы экономика дамуын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Мысалы, цифрлық экономика, жасыл технологиялар, ауыл шаруашылығын дамыту – еліміздің басты қажеттіліктері. Бұл бастамалар елдің тұрақты дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне, және экономиканың құрылымдық өзгерістеріне ықпал етуі мүмкін. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында агроөнеркәсіп кешенін дамыту негізгі бағдар ретінде көрсетілген. Осыған байланысты экономиканың басым секторларына ерекше назар аудару қажет деп ойлаймын. Бұл бағыттар елдің экономикалық құрылымын нығайтуға, тұрақты өсімді қамтамасыз етуге және жаһандық сын-қатерлерге төзімділігін арттыруға бағытталған. Үкімет те бұл мақсаттарды іске асыру үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауда. Экономикалық жетістіктер халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткенде ғана шынайы нәтиже деп есептеледі. Осылайша, экономиканы әртараптандыру Қазақстанның болашақ тұрақты дамуы үшін маңызды қадам болып табылады. Айта кетерлік, мақалада Президент экономиканың 4%-дық өсімі Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін алға тартты. Үкімет бұл өсімді арттырудың тың тәсілдерін табатынына сенім білдіремін.

Көпвекторлы сыртқы саясат

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарына тоқталсаңыз

– Қазіргі таңда Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына да басымдық беріліп отыр. Қазақстан Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда белсенді рөл атқаруда. Сонымен қатар, ел стратегиялық серіктестерімен теңгерімді саясат жүргізіп келеді: Ресей, Қытай, Еуропа Одағы және АҚШ.

Бұл саясаттың аясында Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастыққа басымдық береді. Мысалы, бүгінгі таңда Қазақстан Транс-Каспий халықаралық дәлізін дамытуды басты назарда ұстап отыр. Бұл жоба Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен, Ресейдің Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы жобасымен және Еуропаға шығатын мультимодальды дәліздермен тығыз байланысты. Ортақ дәлізді дамыту осы серіктестермен өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты - сыртқы қатынастарды әртараптандыру арқылы ұлттық мүдделерді қорғауға және еліміздің халықаралық аренадағы орнын нығайтуға бағытталған кешенді стратегия.

Саяси реформалар және әлеуметтік әділеттілік

Қазақстанда жүзеге асырылған саяси реформалар мен әлеуметтік әділеттілік бағытындағы бастамалар елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына қалай ықпал етеді?

– Елде соңғы бес жылда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды ерекше атап өтуімізге болады. Бұл реформалар демократияландыру және либерализациялау бағытында жүзеге асырылуда. Президент бастамалары тек экономикалық емес, сонымен қатар саяси реформаларға да бағытталған. Ондағы басты мақсат – демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамды дамыту. 2022 жылғы Президенттік сайлау мен 2023 жылғы Парламенттік сайлау кезінде, сондай-ақ конституциялық реформалар бойынша референдумда біз жергілікті өзін-өзі басқаруға ерекше назар аударылғанын байқадық. Ауыл, аудан және қала әкімдерін тікелей сайлау пилоттық және нақты режимде жүзеге асырылды. Бұл орталықсыздандыру саясаты жергілікті өзін-өзі басқарудағы жауапкершілік мәселесіне үлкен көңіл бөлетінін көрсетеді. Соңғы мақалада қамтылған басты мәселелердің бірі – әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқаты. Әлеуметтік әділеттілік бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерінің бірі болып отыр, себебі ол қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі. Сондықтан бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі тетігі – халықтың табысын арттыру, жалақыны көбейту, әлеуметтік көмек көрсету шараларын жалғастыру және жұмыспен қамту арқылы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Менің ойымша, бұл бағытта үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. 2023 жылы мұғалімдердің мәртебесі заңмен бекітіліп, жалақылары 30%-ға дейін артты. Қазіргі таңда дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтауға қатысты заң жобасы қарастырылуда. Нәтижесінде, осы саладағы қызметкерлердің де жалақысы өсетініне сенімдімін.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының мақаласы – Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызды бастамаларды кешенді түрде ұсынып отырған бағдарламалық құжат. Бұл бастамалар Қазақстанды халықаралық аренада тұрақты және беделді мемлекет ретінде көрсетеді. Ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және әлеуметтік әділеттілікті орнатуға бағытталған негізгі тетіктер болып табылады.

Жалпы алғанда, мұндай мақалалардың жыл басында жариялануы өте жақсы үрдіс. Бұл дәстүр жыл сайын саяси дәстүрге айналуы тиіс деп есептеймін. Бір жағынан, бұл жылды қорытындылауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, алдағы жылға бағыт-бағдар ұсынады. Сонымен қатар, күз айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жасайтыны белгілі. Онда елімізде атқарылуы тиіс нақты тапсырмалар мен Үкіметтің бағыт-бағдары айқындалады. Ал, бұл мақаланың ерекшелігі – жылды қорытындылау мен алдағы стратегиялық басымдықтарды белгілек. Сондықтан бұл идеологиялық тұрғыдан маңызды құжат деп есептеймін.

Сұхабаттасқан Жанна ЖОМАРТ

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар