Президент аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуді тапсырды

Ақтоты Жапатова 08 қыр. 2025 11:46

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерге инвестиция тарту мәселесіне тоқталып, арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жұмысын түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Президенттің айтуынша, АЭА ел экономикасында маңызды рөл атқаруға тиіс болғанымен, олардың көбінің жұмысы әлі де мардымсыз.

«Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға дайын болуы керек. Арнайы аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, қажет болса, шетелдік инвесторларды тартуға болады», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қазіргі жұмысына сын айтты. Оның пікірінше, бұл ұйымдар аймақтық экономиканы ілгерілетудің орнына коммуналдық мүлікті басқару мен ұсақ жобаларға ғана назар аударып отыр.

«Үкімет осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруы тиіс», – деп тапсырма берді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту тек орталық органдардың емес, жергілікті биліктің де басты міндеті екенін атап өтті.

«Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек», – деді ол.

Сонымен қатар Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу тапсырылды. Бұл іске тәуелсіз сарапшыларды тарту мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Президент өз сөзінде инфляция мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жоғары баға өсімі экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып жатыр».

«Бұл мәселе көптеген мемлекетке ортақ, бірақ бізде айрықша сезіліп отыр. Қиындықтар кеше ғана пайда болған жоқ. Шешім қабылдау үшін әлемдегі озық тәжірибелерге сүйеніп, қажет болған жағдайда халыққа ұнай бермейтін шараларға баруға да дайын болуымыз керек», – деді Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке біртұтас команда ретінде жұмыс істеуді тапсырды.

«Қазір әркім көрпені өзіне қарай тартатын кез емес», – деп қадап айтты Президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар