Премьер-министр: Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту

Сағыныш Сардарова 18 мау. 2025 15:41

Премьер-министр Олжас Бектенов моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңесте тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екеніне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз, әрине, әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бұл ретте бизнесті қолдау жүйесінде жергілікті деңгейде қосымша құралдарды қолдану маңызды. Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысының маңыздылығы және олардың экспортқа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Жүйелі трансформацияны қамтамасыз ету үшін премьер-министр бірқатар нақты тапсырма берді.

Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін Қарағанды және Атырау облыстарының әкімдіктері Балқаш және Құлсары қалаларында индустриялық аймақтар құру бойынша жұмысты жеделдетуге тиіс, Ұлытау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері Сәтбаев пен Хромтау қалаларындағы индустриялық аймақтарды іске қосу бойынша жұмысты күшейтуі қажет.

Облыс әкімдіктерінің алдына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалаларда шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасын іске асыру үшін дайын өндірістік алаңдарды айқындау міндеті қойылды.

"Самұрық-Қазына" қоры мен "Бәйтерек" холдингіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін моноқалаларда, оның ішінде "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттарды кеңінен таратуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ұлттық экономика, Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы, Туризм және спорт, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен облыс әкімдіктері биылғы 1 желтоқсанға дейін нақты инвестициялық жобаларды ескере отырып, моноқалалардағы экономика өсімінң жаңа драйверлерін айқындау бойынша шаралар әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін моноқалалардағы техникалық мамандар тапшылығын азайту мәселесін пысықтауы керек.

Сондай-ақ, Көлік министрлігіне өңір әкімдіктерімен және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-мен бірлесіп, биылғы 1 қазанға дейін ірі көлік дәліздерінің бойында орналасқан моноқалалардағы сервистік қызметті дамыту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар