Шерзат Болаттың үйін өртеу ісі: министр тергеу қалай жүріп жатқанын айтты

Көркем Алдабергенова 18 мау. 2025 14:31

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғарда өлтірілген Шерзат Полаттың отбасы тұратын үйді өртеу ісі бойынша тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің мәлімдеуінше, бұл іс ерекше бақылауда.

"Іс арнайы прокурордың өндірісінде. Тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Тергеу жалғасуда. Тергеу әрекеттеріне қатысты пікір бере алмаймын. Жұмыс толық жүріп жатыр, бақылауда ұстап отырмыз", – деді Сәденов Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, министрден Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанаттың өліміне қатысты тергеу туралы да сұралды.

"Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді министр.

Еске салайық, бұған дейін Талғардағы жаппай төбелес кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасаған болатын. 

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлана бастады. 

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Куәгерлердің сөзінше, үй тұтас өртеніп кеткен.

Бұл дерекке Полиция департаменті жауап берді. 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. 

Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар