Прагматизм, реформалар және тұрақтылық: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына Оңтүстік Кавказ сарапшысының пікірі

Самал Асқар 05 қаң. 2026 16:56

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы сұхбаты елдің ішкі және сыртқы саяси бағытының негізгі басымдықтарын айқын көрсетті. Геосаяси текетірестер күшейіп, ірі державалар арасындағы бәсеке ашық сипат ала бастаған қазіргі кезеңде Қазақстанның теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясаты, басқару жүйесін эволюциялық жолмен жаңғыртуға бағытталған реформалары және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге арналған қадамдары ерекше өзектілікке ие, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осы сұхбатта көтерілген мәселелерге баға беру үшін біз Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының директоры, аймақтық және халықаралық үдерістерді терең талдайтын сарапшы Фархад Мамедовке жүгіндік. Сарапшы Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының тиімділігіне, цифрландыру мен жасанды интеллекттің мемлекеттік басқарудағы рөліне, конституциялық реформалардың билік институттарына деген сенімді нығайтудағы маңызына және заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың әлеуметтік әділеттілік үшін атқаратын қызметіне жан-жақты тоқталады.

Сонымен қатар, сұхбатта «Қаңтар» оқиғаларының реформаларға берген сабағы мен қазіргі модернизация бағытының мемлекеттің ішкі тұрақтылығын күшейтіп, болашақта осындай дағдарыстардың алдын алуға бағытталғаны талданады. Фархад Мамедовтің пайымдауынша, Президент Тоқаев жүргізіп отырған өзгерістер-қысқа мерзімді танымалдықты емес, орта және ұзақ мерзімді тұрақты дамуды көздейтін саяси кемелділіктің көрінісі.

 

– Президент өңірлік дамудың маңызын ерекше атап өтуде. Бүгінгі таңда өңірлер модернизацияның белсенді қатысушылары болуға қаншалықты дайын?

– Қазақстан Президенті берген сұхбатында елдің сыртқы саясатына қатысты шынайы әрі прагматикалық ұстанымды айқын көрсетті. Қазақстанның белгілі бір бастапқы алғышарттары бар. Ел Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының және Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылады. Осы міндеттемелер аясында Қазақстан әлемдегі негізгі ықпал орталықтарымен қарым-қатынастарын дәйекті түрде әрі барынша әртараптандырып келеді. Мұны Қазақстан Президентінің шетелдік сапарлары, сондай-ақ Бейжіңде, Вашингтонда, Брюссельде және Таяу Шығыста оған көрсетіліп отырған ерекше назар айқын дәлелдейді. Осының барлығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатының тиімділігі мен прагматизмін көрсетеді. Бұл қазіргі жағдайда, яғни геосаяси күш орталықтары арасындағы қарсыластық ашық қақтығыс сипат ала бастаған кезеңде, айрықша маңызды. Мұндай жағдайда Қазақстан секілді мемлекеттерге халықаралық үдерістерде белгілі бір тарапты таңдауға жиі ұсыныстар жасалады. Алайда Президент Тоқаевтың ойластырылған әрі теңгерімді сыртқы саясатының арқасында Қазақстан бұл үдерістерден шет қалмай, сонымен қатар геосаяси күш орталықтарымен қарым-қатынасты бір жағынан өктемдік сипатсыз, екінші жағынан өзінің дербес әрі прагматикалық сыртқы саясатын жүзеге асыруға ешқандай шектеусіз қалыптастыруға ұмтылуда. Әскери-саяси блоктар мен экономикалық одақтарға қатысуды басқа геосаяси орталықтармен стратегиялық әріптестік орнатумен ұштастыру - өте жоғары бағаға лайық.

 

– Цифрландыру мен жасанды интеллект элементтері мемлекеттің тиімділігін арттырудың құралдары ретінде қарастырылуда. Алдағы жылдары бұл қай салаларда ең айқын нәтиже беруі мүмкін?

– Цифрландыруға қатысты мәселе, ең алдымен, Қазақстан азаматтары пайдаланатын мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға байланысты. Бұл – жүйелі жемқорлықпен күрестегі маңызды қадам, өйткені цифрлық үдерістер сыбайлас жемқорлық схемалары мен парақорлыққа жол ашатын мүмкіндіктерді барынша азайтады. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрландыру Қазақстанның мемлекеттік саясатының ажырамас бөлігіне және экономикалық дамудың негізгі бағыттарының біріне айналды. Президент Тоқаев бүгінде Қазақстан экономикасының цифрлық секторында шоғырланған нақты көрсеткіштер мен көлемдерді атап өтті. Осы салаға жауапты профильдік министрліктің құрылуы, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ бұл бағытты экономикалық дамудың басым бағыты ретінде қарастыру – ел басшылығының Қазақстан экономикасының мұнай-газ секторына тәуелсіз, яғни энергетикалық емес салаларын дамытуға деген стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді. Азаматтар үшін бұл, ең алдымен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың жеделдеуі, тиімділігі мен ашықтығының артуын білдіреді. Ал екінші жағынан, цифрландыру бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осылайша, Қазақстан Президентінің сұхбатында екі негізгі аспект айқын көрініс тапты.

 

– Басқару формасын өзгертпей, Конституцияға енгізілетін алдағы өзгерістер туралы айта отырып, Президент жүйенің тұрақтылығына ерекше мән береді. Бұл билік институттарына деген сенімді қалай нығайта алады?

– Президент Тоқаев президенттік қызметінің алғашқы жылынан бастап саяси реформалар тақырыбын айқындап келеді. Бұл реформалар эволюциялық жолмен жүзеге асырылуда және олардың әрбір элементі кезең-кезеңімен енгізілуде. Сонымен қатар, халықтың осы өзгерістерге бейімделуіне берілетін уақыттың маңызын да ескеру қажет. Бұл Қазақстандағы үдерістерді мұқият қадағалап отырған сарапшылардың ерекше назарын аударатын жайт. Саяси реформалардың бастауы төменнен – жергілікті атқарушы билік органдарын тікелей сайлау арқылы қаланды. Ал саяси жүйе мен парламент деңгейіндегі реформалар – жоғарыдан жүргізіліп жатқан өзгерістер. Палаталардың бірігуі, президент тарапынан тағайындалатын квотаның қысқартылуы, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу – мұның барлығы уақытты талап етеді. Азаматтар мемлекеттік институттардың қайсысы қандай функция атқаратынын толық түсінуі тиіс. Біріншіден, бұл мәселелерді жергілікті деңгейде шоғырландырып, оларды барынша тиімді шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, болашақ парламенттің функциялары мен өкілеттіктерін нақты түсінуге жол ашады. Мұндай қадамдар, әсіресе халықтың тікелей ерік білдіруі арқылы қалыптасатын билік институттарына деген сенімді арттырудың маңызды элементтері болып табылады. Аталған шаралардың барлығы мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан Президенті өз сұхбатында мемлекеттік жүйе ішкі де, сыртқы да қатерлерге төтеп бере алатындай деңгейде тұрақты болуы тиіс екенін тағы да атап өтті. Қазіргі кезеңде, әсіресе орта және шағын мемлекеттердің ішкі саясатына гибридтік ықпал ету арқылы олардың сыртқы саясатын түзетуге ұмтылу үрдісі байқалады. Ішкі саясатта сыртқы қысымға орын болмауы керек, ал жүргізіліп жатқан реформалар мұндай ықпал ету мүмкіндігін барынша шектейді. Ең бастысы, азаматтар қандай мемлекеттік институттар бар екенін, олардың функциялары қандай екенін және өз мәселелерін шешу мен өз ұстанымдарын қорғаудың қандай тетіктері бар екенін нақты түсінуі тиіс. Осының барлығы Президент Тоқаевтың «еститін мемлекет» тұжырымдамасына толық сай келеді.

 

– Сұхбатта заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесі қозғалды. Бұл үдеріс әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыруда және қоғамның сенімін арттыруда қандай рөл атқарады?

– Президент Тоқаев, әсіресе «Қаңтар» оқиғаларынан кейін, заңсыз шығарылған капиталдарды қайтару мәселесін әлеуметтік әділеттіліктің негізгі құрамдас бөлігі ретінде айқындады. Өз сұхбатында ол бұл бағыттағы тетіктер мен ұстанымдарды нақты көрсетті. Бұл – күрделі мәселе, өйткені 1990-жылдар мен 2000-жылдардың басы бейберекет капитализм кезеңі болды. Бүгінде мұндай капиталдардың елге қайтарылуын ғана емес, олардың Қазақстан экономикасының дамуын ынталандыратын қозғаушы күшке айналуын қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр. Осы тұрғыда екі негізгі механизм ұсынылды. Біріншісі – қаражатты тікелей қайтарып, оны ашық әрі мақсатты пайдалану. Бұл, ең алдымен, әлеуметтік саладағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған арнайы қор құру арқылы іске асады. Екінші элемент – серіктестік қағидаты. Бұл жағдайда қаражат тек мемлекетке ғана емес, ірі экономикалық жобаларды іске асыру арқылы ел экономикасына бағытталады. Бұл – ұлттық байлықтың мемлекетті нығайтуға және дамытуға қызмет етуі тиіс екендігін ескерсек, қазіргі әлемдік жағдайда аса маңызды фактор. Халықтың әл-ауқатының өсуі сатып алу қабілетінің артуына, ал бұл өз кезегінде ұлттық бизнестің дамуына жол ашады. Осы қаражаттарды заңдастыру Қазақстан мемлекеті мен экономикасының қатар дамуына мүмкіндік береді.

 

– Сұхбатта «Қаңтар» оқиғалары ұстамды түрде ғана аталғанымен, олар жүріп жатқан реформалардың маңызды контексті болып қала береді. Қазіргі модернизация бағыты тұрақтылықты нығайтуға және болашақта мұндай дағдарыстардың алдын алуға бағытталған деп айтуға бола ма?

– 2022 жылдың басындағы «Қаңтар» оқиғалары Қазақстанның мемлекеттік жүйесі үшін нағыз сын болды. Президент Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан бұл сынақтан өтті. Қысқа мерзім ішінде дағдарыстың салдары жойылды. Екіншіден, сұхбатта атап өтілгендей, тиісті жұмыс жүргізіліп, кінәлілердің барлығы жауапкершілікке тартылды. Бұл Қазақстанның ішінде де, сыртында да «Қаңтар» оқиғасына қандай да бір деңгейде мүдделі болған барлық күштерге мұндай жағдайдың қайта қайталануы мүмкін еместігін көрсету үшін қажет болды. Ал егер біреу оны қайталауға ниеттенсе, оған қатаң жауап берілетіні анық. Сонымен қатар, Президент Тоқаев жүзеге асырып отырған модернизация мен реформалар бағыты «Қаңтардан» кейін іс жүзінде легитимация алды деуге болады. Бұрынғы басқару жүйесі өзінің тиімсіздігін ғана емес, сондай-ақ «Қаңтар» тәрізді оқиғалардың қайталануына жағдай жасайтынын да көрсетті. Сондықтан мұндай жағдайлардың қайта орын алуына жол бермейтін модернизация мен реформалар қажет болды. Осы тұста біз мемлекеттік жүйенің осындай сын-қатерлерге төтеп бере алатын тұрақтылығы мәселесіне қайта ораламыз. Қандай күрделі болмасын, реформаларды жүзеге асыру аса маңызды. Назар аударсақ, сұхбаттың едәуір бөлігі энергетика және коммуналдық шаруашылық сияқты салалардағы реформаларға арналған. Бұл – іс жүзінде әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер. Президент Тоқаев әрбір реформа, әсіресе осындай әлеуметтік тұрғыдан сезімтал салалардағы өзгерістер, бастапқы кезеңде қарсылық тудыратынын түсінетінін атап өтеді. Алайда мұндай реформаларды кейінге қалдыруға болмайтынын да айқын түсінеді, өйткені бұл «Қаңтар» секілді оқиғалардың қайта қайталануына негіз қалыптастыруы мүмкін. Бұл – аса маңызды жайт. Өзіне сенімді мемлекет осындай реформаларды жүзеге асыруға қабілетті. Мұнда жылдар бойы қордаланған мәселелерді еңсеру және көптеген мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін біріктіруді талап ететін күрделі бюрократиялық жұмыс туралы сөз болып отыр. Президент Тоқаев мұның бәріне саналы түрде барып отыр, себебі ол Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілігін терең сезінеді және ең күрделі өзгерістер дәл қазір, оның президенттік өкілеттігі кезеңінде жүзеге асырылуы тиіс екенін түсінеді. Бұл, өз кезегінде, биліктің жоғары легитимділігінің және саяси кемелдіктің көрсеткіші. Өйткені дәл осы екі қасиет бастапқы кезеңде көпшілікке ұнамайтын, алайда нәтижесі қысқа мерзімде емес, орта мерзімді перспективада көрінетін реформаларды жүзеге асыратын саясаткерге тән. Президент орта мерзімді табысқа қол жеткізу үшін өзінің саяси капиталын саналы түрде тәуекелге тігуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар