Белгілі жаттықтырушы Елена Круглыхина қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың айналасында туындаған даулы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Михаил Шайдоровтың тарихи жетістігін ешкім жоққа шығармайтынын атап өтті. Жаттықтырушының айтуынша, спортшы Қазақстанға алтын медаль әкеліп, ел мерейін өсірді.
«Михаил Шайдоров – үлкен еңбекпен жетістікке жеткен талантты спортшы. Оның алтын медалін ешкім құнсыздандырып отырған жоқ. Ол Қазақстанға алтын алып келді, бұл – үлкен жетістік», – деді Елена Круглыхина.
Сонымен қатар ол спорттағы жеңістің артында тек бір адамның емес, үлкен команданың еңбегі тұратынын айтты.
«Медальдың артында тек бір адам тұрмайды. Бұл жетістікке осы салада еңбек етіп жүрген көптеген адамдар үлес қосады. Олардың еңбегін де ұмытпау керек», – деді жаттықтырушы.
Круглыхина соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан жағдайға байланысты өзіне көптеген жағымсыз пікірлер жазылғанын да жасырмады. Дегенмен ол мәселенің мәнін спорт саласын жақсы білетін адамдар түсінетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін жаттықтырушы Михаил Шайдоровқа арнап жазба жариялаған болатын.
«Миша, сен шектен шығып бара жатырсың немесе біреулер сені пайдаланып отыр. Сен 2026 жылдың 22 ақпанына дейін қысқы спорт түрлерінің барлық өкілдері секілді келісімшартқа қол қойғансың. Бұл жерде федерация тарапынан келісімшартты уақытында ұзартпау қателігі бар. Бірақ сенің агенттерің, менеджерлерің бар емес пе? Неге бұл мәселемен айналыспады? Жұрт біздің жүйені түсінбегендіктен, министрлік ыңғайсыз жағдайға қалып отыр», – деп жазды Елена Круглыхина.