Олимпиада жүлдегері, танымал спорт қайраткері Ислам Байрамуков әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық спорт саласындағы соңғы даулы мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол өз сөзінде мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жетістігін ерекше атап өтіп, спортшының тарихи жеңісі ел үшін үлкен қуаныш болғанын айтты.
«Михаил Шайдоров биылғы Олимпиада чемпионы атанып, баршамызды қуантты. Бұл – 32 жыл ішіндегі алғашқы алтын медаль. Мұның бәрі үлкен еңбектің арқасы. Сондықтан біз бүкіл ел болып оны құрметтеуіміз керек», – деді Ислам Байрамуков.
Сондай-ақ ол спорттағы тәртіп пен бірліктің маңызын атап өтті.
«Спорт тәртіптің арқасында дамиды. Тәртіп болған жерде нәтиже болады. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды”. Бұл мәселенің ешқандай күрделі проблемасы жоқ, жай ғана отырып сөйлесетін жағдай», – деді ол.
Байрамуков қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде түрлі пікірлердің көбейіп кеткеніне тоқталып, қоғамдағы кей мәселелер кезінде тиісті деңгейде қолдау таппағанын еске салды. Мысал ретінде ол 2021 жылы Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің жабылуы мен Алматы ипподромына қатысты мәселелерді атады.
Оның айтуынша, сол кезде спорт қауымдастығы бірнеше рет дабыл қаққанымен, қоғам тарапынан жеткілікті резонанс болмаған.
Сонымен қатар Олимпиада жүлдегері қазіргі таңда спорт саласында оң өзгерістер байқалып жатқанын айтты.
«Бүгінде спортта заманауи тәсілдер мен әдістемелер енгізіліп жатыр, халықаралық байланыстар нығаюда. Мемлекет басшысының халықаралық федерация басшыларын қабылдап, мемлекеттік наградалар тапсыруы – үлкен қолдау. Бұл болашақ жеңістердің кепілі», – деді Ислам Байрамуков.
Сөз соңында ол елдегі спорт қауымдастығын бірлікке шақырып, «Біздің күшіміз – бірлікте!» екенін атап өтті.