Полиция "атыраулық хакерді" іздеп жатыр

Сағыныш Сардарова 08 қаң. 2026 13:02

Атырау облысы Полиция департаменті "атыраулық хакерге" қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, желіде таралып жатқан "хакер" жоғалған адамдардың орналасқан жерін, қаражат қозғалысын өз бетінше анықтағаны, SIM карталарды талдағаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

"Бұл мәліметтің барлығы әлеуметтік желілерде қандай да бір жарияланымдар шыққанға дейін ішкі істер органдарының бөлімшелері тарапынан заңды жедел іздестіру және тергеу шаралары аясында анықталып, кейін ресми бағдарлау ретінде рәсімделген. Ол жаңа деректер алмаған және өздігінен техникалық талдау жүргізбеген. Ол таратқан мәлімет оған дейін жасақталған ресми бағдарлауда көрсетілген ақпаратпен толық сәйкес келеді. Полиция ұсынған барлық дерек заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, бейінді техникалық мамандардың қатысуымен, байланыс операторларымен және өзге де уәкілетті ұйымдармен өзара іс-қимыл арқылы алынған. Полиция тарапынан қысым көрсету болды немесе қорқытты деген ақпарат та шындыққа жанаспайды", - деп жазылған хабарламада.

Полиция ақпаратына сүйенсек, оған қатысты бұған дейін алаяқтық бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген.

"Қазір осы істер бойынша тергеу жалғасып жатыр және оған заңда белгіленген тәртіппен іздеу жарияланған", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты түрлі мәлімет тарап, қоғам назарын аударды. Әсіресе, желі қолданушылары Hacker Atyrau парақшасында жарияланған ақпаратты қызу талқылады.

Парақша авторы ашық база арқылы жоғалғандардың SIM карталарын бақылағанын, банк картасымен жасалған төлемдерді анықтағанын айтты. Ол осы отбасы жоғалғаннан кейін бірінің SIM картасы мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бірінің банк картасынан қараша және желтоқсанда зейнетақы төлемдері алынғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Ақпаратты таратқан адамның өзі мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек "ашық деректерді, SIM карталарды және байланыс операторларынан алынған мәліметтерді" пайдаланғанын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар