Петропавлдық полицей жүргізуші куәлігі жоқтарға “крыша” болғаны үшін сотталды

Dalanews 18 қаң. 2026 18:00

Петропавл қаласында облыстық патрульдік полиция батальонының командирі Арман Айтиевтің жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарды заңсыз «қорғаштағаны» әшкереленді. Бұл туралы сот материалдарында айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz

Тергеу дерегінше, 2025 жылдың қаңтарынан бастап ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін жүргізуші құқығынан айырылған азаматтар қала ішінде еш кедергісіз жүріп-тұрған. Себебі оларға полиция батальонының командирі белгілі бір ақыға "қорған" болыпты.

Алғашқы эпизодта жеті жылға куәлігінен айырылған Андрей Бобков мәселені Айтиев арқылы «шешкен». Бағасы да әртүрлі болған: банк аударымымен 100 мың теңге, кейін тағы 100 мың, ал соңында полиция басқармасының автотұрағында қолма-қол 300 мың теңге тапсырған. Барлығы - 500 мың теңге.

Кейін көктемде дәл осындай ұсыныспен Денис Шилин жүгінген. Бұл жолы «абоненттік төлем» жүйесі іске қосылған: ай сайын 50 мың теңге. Көлігін полиция тоқтатса, бір қоңырау жеткілікті болған. Бірнеше айда 250 мың теңге жиналған.

Үшінші эпизодта Айтиевтің отбасы танысы Юрий Бегляров бар. Ол да мас күйде ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қымбат көліктермен қалада еркін жүрген. «Жалпы қамқорлық» үшін 80 мың теңге төлеген.

Погоны бар «бизнесмен» 2025 жылдың қарашасында ұсталды. Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырып, полиция подполковнигі атағынан айырды және мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салды. Мемлекет пайдасына 830 мың теңге тәркіленді.

Ал пара берген жүргізушілер бостандықта қалды, бірақ жүргізуші куәлігінсіз және 1,2 млн-нан 10 млн теңгеге дейін айыппұл салынды. Оларға да мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove