Петропавлда жолаушыға дөрекілік көрсеткен такси жүргізушісі елден шығарылды

Петропавлда жолаушыға дөрекілік көрсеткен такси жүргізушісі елден шығарылды
ІІМ

Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз такси қызметін көрсеткен шетелдік азамат елден шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Петропавл тұрғыны такси жүргізушісінің дөрекілігіне шағымданған. Өтінішті тексеру барысында полицейлер жүргізуші, яғни 42 жастағы шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзғанын анықтаған.

"Ол жолаушылар тасымалымен айналысқан. Алайда Қазақстанға кірген кезде келу мақсаты ретінде жұмысты немесе кәсіпкерлік қызметті көрсетпеген. Бұған қоса, бұған дейін де дәл осы себеппен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп сақшылары бір жыл ішінде қайталап жасалған құқықбұзушылық бойынша материал жинап, әкімшілік сотқа жолдады. Сот шешімімен ер адамға бір тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, кейін Қазақстаннан бес жыл мерзімге шығару белгіленді", - деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 679 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.