Қаладағы №1 емхана басшылығы 8 жас дәрігерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында ақшалай сертификатты табыс етті. Жергілікті билік орындарының қолдауына емханада еңбек етіп жүрген жалпы дәрігерлік практика, балалар невропатолог және дәрігер-оториноларинголог болып қызмет етіп жүрген жас мамандар ие болды.
Емдеу мекемесінің директорының міндетін атқарушы Николай Новиков емханада жұмыс істеп жүрген жас дәрігерлер қалада үй жалдап тұратындықтан оларға қолдау көрсету мақсатында ақшалай сертификат ұсынылғанын алға тартты. Осылайша емхана басшылығы жастарды жұмысына ынталандырып, қолдауда.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында білікті дәргігерлерге деген сұраныс жоғары. Күні кеше ғана СҚО әкімінің баспасөз қызметі облыстық әкімдіктің сайтында өңірге қажетті медицина мамандарының тізімін жария еткен болатын.
Тізімге көз салғанымызда Петропавл қаласындағы денсаулық сақтау мекемелеріне терапев, жалпы дәрігер, педиатр, эндокринолог, реабилитолог, онколог, офтальмолог, акушер-гинеколог, кардиолог, хирург және сәуелелендіру диагностикасы бойынша дәрігерлердің жетіспейтінін байқадық. Осылайша қазірдің өзінде қаладағы 7 емханада 100 жұмыс орнына мамандар іздестіріліп жатқанын алға тартты.
Осындай маман тапшы кезеңде жас дәрігерлерге қолдау көрсетіп, олардың жұмысқа деген ынта-ықыласын оятудың маңызы зор.
Өткен жылы СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі дәрігерлерге төленетін жәремақының көтеру турасында тапсырма берген болады. Бүгінде әкімнің тапсырмасы толықтай жүзеге асты десек болады.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов үстіміздегі жылдың басынан бастап, бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды жүргізгеннің нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тартуда нәтижелі жұмыстар атқарылғанын алға тартты.