Жақында Жамбыл облысындағы перзентханада көпшіліктің жағасын ұстатқан қайғылы жағдай орын алған еді. Осы тұста перинаталдық орталық өз-өзіне қол жұмсаған 33 жастағы әйелдің қазасына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақпараттарға сүйенсек, перзентхана оқиғаны бір апта бойы жасырып келген көрінеді. Ал полицей бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғап, қажетті сараптамалар тағайындалатынын жеткізді.
"Аталған дерек бойынша Полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар кешені тағайындалды, оны жүргізу Жамбыл облысы бойынша сот-сараптамалары институтының сарапшыларына тапсырылды", – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі.
Осы тұста перинаталдық орталықтың баспасөз қызметінің басшысы Толқын Өмірбаева марқұмның қазасына байланысты шама-шарқынша пікір білдірді.
"Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы 10 сәуірде ауруханада болған оқыс оқиға бойынша келесіні хабарлайды. Жүкті әйел жалған толғақ диагнозымен бақылауда болып, тиісті емін қабылдап жүрген. Әйелдің жүкті кезінде ешқандай психологиялық ауытқуы байқалмаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Аталған фактіге байланысты құқық қорғау органдары 105-баптың 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сот-медициналық сараптамасы жүргізіліп жатыр. Сондықтан басқа түсініктеме бере алмаймыз", – деп жауап берді орталықтың баспасөз қызметі Время басылымы жолдаған сауалға.
Іс "өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қозғалғандықтан, мұны нақты кім жасағаны және марқұмның медицина қызметкерлерімен қандай да бір кикілжіңі болған-болмағаны да сұралды.
"Емдеу мекемесінде болған кезінде медицина қызметкерлерімен жанжал болған жоқ", - деп жауап берді Өмірбаева.
"Время" дереккөзінің мәліметінше, марқұм бұған дейін күйеуімен және үш қызымен тұрып келген. Оның ауруханаға Сарысу ауданынан түскені анықталды. Әйел бұл кезде ұлына аяғы ауыр болған. Таяуда отбасы гендерлік кеш өткізіп, баланың жынысын жариялаған.
Аудандық аурухананың хабарлауынша, марқұм іші ауырғанына шағымданып, жергілікті гинекологқа хабарласқан. Кейін ол ауруханаға жатқызуды талап еткенін айтты. Перинаталдық орталықта онымен үш әйел бір бөлмеде жатқан. Әйелдердің сөзінше, сол күні марқұм күйеуімен қаржы мәселесіне байланысты жанжалдасып қалған.
Еске салайық, 9 сәуірде Тараз қаласының Полиция басқармасына Жамбыл облыстық перинаталдық орталықтан перзентхана палатасының жуыну бөлмесінде 33 жастағы жүкті әйелдің асылып тұрғаны туралы хабарлама түскенін хабарлаған болатын.