Перизат Қайрат пен анасының мүлкі аукционға қойылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"КТК" арнасы мәліметінше, бағалы әшекейлер, бренд заттармен қатар төрт пәтер, төрт қымбат көлік сатылымға шығарылады. Аукционнан түскен ақша зардап шеккен тараптың шығынын жабуға жұмсалады.
Былтырғы тасқында жұрттың жылуға деп жинаған қаржысына өзі үлде мен бүлдеге оранып алған блогерді сот 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырған. Адвокаты үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін айтқан. Бірақ сотқа әлі ешқандай арыз-шағым түспепті.
Айта кетейік, сотта Перизат Қайрат Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті де тексеруді сұраған. Алайда Қаржы мониторингі агенттігі оның бұл іске еш қатысы жоқ деп отыр.
"Қылмыстық істі тергеу аясында біз ақшаны иемденген басқа адамдарды анықтаған жоқпыз. Сондықтан бұл жерде ешқандай сұрақ туындамауы керек. Бұл қаражат жылжымайтын мүлік - жеке үй, төрт пәтер, автокөлік сатып алуға жұмсалды. Бар мүлік Перизат пен оның анасына тіркелген", - деді ҚМА өкілі.