Перизат Қайрат федерациядағы қызметінен кетті

Көркем Алдабергенова 15 қар. 2024 14:55 271

Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Ұйым оны күні кеше ұсталғаны туралы ақпарат шыққаннан кейін жұмыстан қуыпты. Бұл туралы федерация өкілдері Tengrinews.kz тілшілеріне хабарлаған.  

Пара үстел теннисі федерациясындағылардың сөзінше, Перизат Қайрат бұл қызметке өзін өзі ұсынған. Алайда федерация өкілдерінің сөзінше, оның бұл қызметке келуінен пайда болмапты. 

"Ол тағайындалғанға дейін федерацияға қатысы болмады. Бірақ спортқа және федерацияға қаржылай көмектесу үшін өзін ұсынды.  Оның бұл қызметке тағайындалғанына бір айдай ғана болған. Бірақ осы уақыт аралығында бірде-бір жұмыс отырысын немесе жұмыс кездесуін ұйымдастырған емес", - делінген хабарламада. 

Еске салайық, күні кеше Қаржылық мониторинг агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. 

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

Күдікті ұсталды.

Айта кетсек,32 жастағы ақтөбелік Перизат Қайратқызы шетелде (Ұлыбритания) оқып, жұмыс та істеген білімді жастардың бірі. Елге келген соң саясатқа тартылып, соңғы кездері үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеп жүр. Кейбір саясаттанушы ол басқаратын BizBirgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры үкіметтік еместен гөрі, билікке жақынырақ ұйым екенін айтады.

Су тасқыны кезінде Перизат белсенді жұмыстар атқарып, ел көзіне жиі түскен. Табиғи апат орындарында болған волонтер желіде сыни жазба да жазған. Биыл көктемде оның қайырымдылық аясында Газа секторына да барғаны туралы ақпарат бар. 

 

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар