Павлодардағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде прокурорлар сотталғандарға сақтауға және пайдалануға тыйым салынған заттарды анықтады. Олардың қатарында 15 смартфон, алты Wi-Fi роутері және Sony PlayStation ойын приставкасы бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Прокуратура мәліметінше, өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режим талаптарының сақталуын тексеру және тыйым салынған заттардың ішке өткізілу жолдарын анықтау мақсатында тексеру жүргізілген.
«Мекемелердің біріндегі бөлмеден 15 смартфон, алты Wi-Fi роутері, сымсыз және сымды құлаққаптар, USB кабельдері, флеш-карталар, Sony PlayStation ойын приставкасы және сотталғандарға сақтауға әрі пайдалануға тыйым салынған басқа да заттар табылып, тәркіленді», – делінген хабарламада.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Павлодар облысының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабы (салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.
Қазір тыйым салынған заттардың режимдік нысанға қалай жеткізілгені, оларды ішке өткізу тәсілдері және бұл іске қатысы болуы мүмкін адамдар анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіне байланысты Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.