Павлодарда медицина қызметкеріне қол көтерген әкім қатаң сөгіс алды

Қаракөз Амантай 17 қаз. 2025 09:51

Павлодар облысының Этикалық кеңесі Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Оразәлімовке қатысты шешім шығарды. Кеңес әкімге "қатаң сөгіс" түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы, Этикалық кеңестің төрағасы Мәди Әбілдин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетейік, әкім мен ветеринарлық қызмет маманы арасындағы жанжал қыркүйек айында болған. Екеуі де Ержан Оразәлімовтің жиенінің туған күніне қонақ болып барған. Олар бұрыннан бірін-бірі жақсы білетін. Оразәлімовтің өзі де 12 жыл бойы ветеринария саласында жұмыс істеген және соққыға жығылған әріптесімен арақатынасы жақсы болғанын айтқан.

"Қақтығыстың себебі — ішімдік емес. Менің өмірімнің кейбір жеке тұстарына қатысты сөз қозғалды. Сол сәтте күйзеліс үстінде ашуға беріліп, агрессия таныттым. Бұл әрекетіме өкінемін", — деді әкім.

Ол жәбірленушіден де, қоғамнан да кешірім сұрап, екі тараптың да бір-біріне ресми шағым түсірмегенін атап өтті.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде ауыл әкімі мен фельдшер арасындағы төбелес туралы ақпарат тараған еді. Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кешкі уақытта, олардың екеуі де қызметтік міндетін атқарып жүрген сәтте емес, жеке отырыс кезінде болған. Қақтығыс кәсіби қызметке қатысы жоқ, ал тараптар татуласып, бір-біріне ешқандай талап қоймаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар