Павлодарда кондитерлік өнімдер сататын ірі компанияның бағаны заңсыз өсіргені әшкереленді

Кәмшат Тілеухан 16 сәу. 2025 09:51 190

Павлодар облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті "КДВ Қазақстан" ЖШС-ға қатысты үстемдігін асыра пайдалану белгілері бойынша тергеуді бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Компания қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде мекеменің тауарларға әртүрлі баға қойғаны анықталды. Нақтырақ айтқанда, кондитерлік өнімдерді сату келісімшартына түрлі баға мен талап қолданған. Мұндай фактілер антимонополиялық заңнаманың бұзылуын көрсетуі мүмкін", делінген агенттік баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұған дейін монополияға қарсы орган "КДВ Қазақстан" ЖШС-ға анықталған заң бұзушылық белгілерін ерікті түрде жою туралы хабарлама жолдаған.

"Ол орындалмаған соң, тергеу ісі қозғалды. Тергеу барысында компания әрекетіне құқықтық баға беріліп, жеткізу шарттарын дифференциалаудың объективті негізі болу-болмауы қаралады", деп нақтыланады ресми хабарламада.

"КДВ Қазақстан" ресейлік "КДВ Групп" холдингі құрамына кіреді. Ол "Яшкино","Киришки", BabyFox, O ' Zera,"Бабкины семечки" және т. б. брендтер иегері.

Бұған дейін сайтымызда монополияға қарсы орган "Fly Arystan" әуе тасымалдаушысы тарапынан үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтағанын жазғанбыз. Талдау барысында авиабилеттердің құны брондаудың әртүрлі кезеңдерінде автоматты түрде қосылатын жасырын қосымша ақылар есебінен өскені анықталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар