Бұл туралы агенттіктің жолдаған ресми сауалына берген жауабында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев мәлім етті.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, 1 сынып оқушылары үшін қосымша 100-ден аса сынып жиынтығы ашылады. Павлодар қаласында № 12 (2 топ, 53 бала), № 31 (1 топ, 20 бала), № 42 (2 топ, 58 бала) мектептерінде үш шағын орталық жабылды.
№ 36 ЖОМ шағын орталығында топтар саны қысқартылды (4 топтың ішінде 2 топ, 50 бала қалды). Екібастұз қаласында № 9 (2 топ, 48 бала), № 23 ЖОМ (2 топ, 32 бала) жанынан екі шағын орталық жабылды»,- дейді Жомарт Қарамбаев хаттың жауабында.
«Осы бағыттағы жұмыс кезең-кезеңмен жалғасады. 2019-2020 оқу жылы 1 сыныпқа 14 мыңнан астам балғынды қабылдау күтілуде. Оның 8 мыңнан астамы - алты жастағы балалар. 1 сыныпқа құжаттарды қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады. 7000 баланы қазақ тілінде оқыту жоспарлануда. Биылғы жылы 1 тамыздағы жағдай бойынша Павлодар қаласында 1 сыныпқа қабылданған балалардың ең көп саны № № 22, 39, 9, 42, 29, 24, 34, 25 мектептерде тіркелген.
1 сынып оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды».
Еске сала кетейік, былтырғы жылы жаңа оқу жылында 12 мыңнан астам бала мектеп табылдырығын аттады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3 мың оқушыға артық.