Павлодар облысында балаларына үш жыл алимент төлемеген ер адам сотталды

Қаракөз Амантай 19 ақп. 2026 16:56

Павлодар облысында прокуратура алимент төлемеген борышкерлерді жауапкершілікке тартып, қарызды өндіру жұмыстарын күшейтіп жатыр. Тек қаңтар айында алимент төлеуден әдейі жалтарғаны үшін үш азамат сотпен кінәлі деп танылды. Тағы жеті қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ФБРК телеграм арнасының мәліметінше, прокуратура алимент төлемейтіндерге қатысты бірқатар шара қолдануда. Олардың қатарында шетелге шығуға шектеу қою, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ цифрлық іздестіру бар.

Прокуратура мәліметінше, бір борышкер үш жыл бойы төлемнен жалтарып, табысын жасырған. Соның салдарынан үш кәмелетке толмаған баласына 2,2 млн теңге қарыз жинаған. Екінші борышкер алты жылдан астам уақыт алимент төлемеген. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі бола тұра, оның қарызы 4 млн теңгеден асқан.

Үш азаматтың барлығы Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотталды. Қазіргі уақытта тағы жеті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Сонымен қатар алимент қаражатына қатысты заңбұзушылықтар да анықталған. Қараша айында Бас прокуратура жеке сот орындаушысының алимент ақшасын жымқырғанын хабарлаған. Ол жарты жыл бойы борышкерлерден түскен төлемдерді жеке қажетіне жұмсаған. Нәтижесінде 34 балаға 1,2 млн теңге көлемінде зиян келтірілген.

Сол кезде Алматыда алимент өндіруге байланысты алты іс бойынша жеке сот орындаушыларының заңбұзушылықтары анықталды. Ал Маңғыстау облысында сот орындаушысы өндіріп алушының өтінішін қолдан жасап, шектеуді заңсыз алып тастағаны үшін борышкерден ақша алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove