Әлеуметтік желілерде Қазақстанда енді «жалға алушыны көшіруге болмайды», ал меншік иелері «қорғансыз қалады» деген хабарламалар тарап жатыр. Мұндай талқылаулар толқынына Конституцияның жаңа редакциясы себеп болды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Qazaq Expert Club сарапшысы, құрылыс саласының маманы Диляра Сейтнурованың айтуынша, тұрғын үйдің қол сұғылмаушылығына қатысты кейбір тұжырымдар контекстен тыс түсіндіріліп жатыр.
«25-баптың 1-тармағында тұрғын үйге қол сұғылмайды және “тұрғын үйден айыруға тек сот шешімі бойынша ғана жол беріледі” деп жазылған. Дәл осы тұжырым алаңдаушылық тудырған жазбалардың таралуына себеп болды. Алайда мұқият оқығанда мәні басқа: тұрғын үйде заңды түрде тұрып жатқан адамды өз бетінше көшіруге болмайды. Қазақстанда көшіруге тыйым салу енгізіліп жатқан жоқ. Бұл екі тарапты да қорғайтын стандартты құқықтық рәсім туралы», - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, Диляраның айтуынша, жаңа Конституция жобасында тұрғын үйге кіру нормасы нақтыланған. Бұл жалға алушыларды, соның ішінде ескертусіз пәтерге кіре аламыз деп есептейтін жалға берушілер тарапынан болатын өз бетімен әрекеттерден қорғауды күшейтеді.
«Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру нарығының 70–80%-ы бейресми түрде, келісімшартсыз жұмыс істейді. Нақты реттеу мен көшірудің сот тәртібін енгізу көлеңкеден шығуға тікелей ынталандырады. Келісімшартсыз жалға беруші сотта өз құқықтарын іс жүзінде қорғай алмайды: қарызды өндіріп алу, келтірілген зиянды тіркеу немесе көшіруді бастау қиын», – дейді сарапшы.
Испаниядағы «оккупастармен» салыстыруға келсек, Диляраның пікірінше, бұл дұрыс емес. «Оккупастар» — бұл құлыпты бұзып, иесінің келісімінсіз және келісімшартсыз бөтен пәтерге кіріп алған адамдар. Испания заңнамасындағы олқылықтарға байланысты оларды көшіру шынымен қиын — тек сот арқылы және полицияның қатысуымен ғана мүмкін.
«Келісімшарт бойынша жалға алушыны “оккупаспен” салыстыру — бұл не құқықты түсінбеу, не әдейі дүрбелең тудыру үшін жасалған манипуляция. Жалпы алғанда, көшірудің сот тәртібі — кез келген өркениетті құқықтық жүйенің қалыпты тәжірибесі. Ресейде, Германияда, Францияда және Ұлыбританияда да жалға алушылар тек сот арқылы көшіріледі», – деп түйіндеді сарапшы.
