“Пәтер үшін таласқан”. Алматыда анасы қызын сотқа берді

Қаракөз Амантай 08 қаң. 2026 13:53

Алматы тұрғыны нағашы атасынан мұраға пәтер алған. Алайда бойжеткеннің анасы бұл шешімге қарсы шығып, әкесінің психикалық жағдайын сылтау еткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоғарғы сот мүлік дауына қатысты жаңа іс қарады. Іс материалдарына сәйкес, Алматы тұрғыны қайтыс болар алдында жиен немере қызының атына нотариус арқылы өсиет жасап, пәтерін мұраға қалдырған. Дегенмен атасының қызы, яғни бойжеткеннің анасы бұл шешімге келіспей, пәтерді өз атына жазуды талап еткен. Ол қызына қарсы арызында әкесінің тірі кезінде ішімдікке тәуелді болғанын, наркологиялық диспансерде есепте тұрғанын, алкоголизм салдарынан әрекеттерінің мәнін түсінбегенін мәлімдеген.

Бірінші сатыдағы сот психологиялық сараптама қорытындысына сүйеніп, мұра қалдырған ер адамның шын мәнінде психологиялық ауытқуы бар деген шешім шығарған. Алайда апелляциялық сатыдағы сот бұл қорытындыны заңсыз деп таныды: құжатта ер адамның Астанада тұрғаны көрсетілген, ал тәуелсіз сарапшылар оның тірі кезінде психиатр мен наркологтың есепте тұрмағанын дәлелдеді. Осыған байланысты судья алғашқы қорытынды жасаған психиатрдың лицензиясын жойып, оны жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ нағашы атасынан мұра ретінде пәтер алған бойжеткен 2014 жылдан бері атасымен бірге тұрғаны расталып, пәтерді өсиет бойынша бойжеткеннің атына қалдыру туралы үкім шығарылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар