Пашинянның жайын ойласам

Dalanews 04 мам. 2018 11:07 609

Армениядағы жағдай туралы аз-кем пікірімді айтасам... Оппозиция серкелерінің бірі – Пашинянның премьер болып сайланатынына күмән қалмады.



Бірақ, бұл – салмағы ауыр "жеңіс" болмақ. Себебі, биліктегі партияның да, парламенттегі көпшіліктің де өкілі емес болғандықтан (егер парламент сайлауын қайта өткізбесе) оның легитимдігіне күмән көп болады, ал бұл онсыз да сілкініп тұрған қоғамдағы және саяси биліктегі тұрақтылыққа әсер етпей қоймайды.

Дегенмен, маңыздысы ол емес.

Күтпеген жерден халықтың билікке деген сенімсіздігі мен ашу-ызасының жиынтық символына айналып шыға келген оған армяндар «бар бәледен құтқарушы» деп үміттене қарап отыр.

Басқару қызметінде болмаған, "өндірісте шыңдалмаған" бұрынғы журналист Армения сияқты геосаяси қақпанда тұрған, экономикасы әлжуаз, шетелдегі диаспораға күні қарап отырған әрі көршісімен әне-міне соғысуға шақ тұрған елде жағдайды одан сайын ушықтырып жібере ме деп қорқамын.

Маған ол Элчибей мен Гамсахурдиадан да нашар басшы болатын сияқты көрінеді.

«Түрлі-түсті төңкерістердің» арқасында билікке келген Ющенко, Саакашвили, Порошенколардың тым болмаса геосаяси маневр жасауға мүмкіндіктері болды, үлкен державалардың ол елдерде мүдделері көбірек.

Тек Ресейге және Иранға күні қарап отырған Армения олардан кетіп қайда баратынын түсінбеймін.

АҚШ үшін де, тіпті Еуропа үшін де Армения – бас қатыратын үлкен шаруа емес (Армян лоббиі аздап ықпал етпесе). Осындай жағдайда халықтың талаптарын орындай алмаған Пашиняннан жұрттың тез көңілі қалады. Көңілі қалып қана қойса жақсы. Елде тұрақсыздық басталса, Әзербайжан Қарабақ дауын қайта қозғауы мүмкін.

Мұхтар Сеңігрбай, журналист, сарапшы. 

 

https://dalanews.kz/17365

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар