Мерекелік жиынға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және тыл еңбеккерлеріне сый құрмет жасап, бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпаққа алғыстарын жеткізді.
Бүгінгі еліміздің өркендеуі мен бірліктің бұзылмас қамалы осынау мерекенің жемісі, ардагерлердің ерлігі екенін айтқан өңір басшысы арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне ұдайы қамқорлық көрсету бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін атап өтті.
«Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ерліктеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Сіздердің және ерлігімен есімдері тарихымызда жазылған батыр бабалардың алдында өлшеусіз қарыздармыз. Елбасымыз майданнан оралмаған жауынгерлеріміздің есімдерін мәңгі ел есінде сақтауда және арамызда жүрген ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ардақтауда әрқашан мемлекеттің қамқорлығы болатынын айтып, жарқын бастамаларға жол ашып келеді. Сондықтан да ақтаңдақ жылдардағы ел азаматтарының жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне біз әрдайым құрметпен бас иеміз», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар мерекелік кездесу барысында облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен майдан және тыл ардагерлері сөз сөйлеп, қазіргі кезде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан құрмет, қолдауларға ризашылықтарын білдірді. Шара концерттiк бағдарламамен өз жалғасын тапты.
Жалпы Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстан өңірінен 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған. ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азамат Кеңес Одағының батыры атағы, 8 майдангер «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды. Бүгінгі таңда өңірімізде 174 Ұлы Отан соғысының ардагері, 4885 майданға қатысушылар мен мүгедекке теңестірілгендер және 15733 тыл еңбеккерлері бар.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі