Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова қоқысты қайта өңдеу ісін қаржыландыру үшін елде арнайы "жасыл" салық түрін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.
Депутаттың сөзінше, экологиялық талаптарға сай келмейтін, қоршаған ортаға зиянды қаптама қолданатын өндірушілер мен тұтынушыларға арнайы төлем енгізу – уақыт талабы.
"Біз қалдықтарды басқару жөнінде жеке заң қабылдау қажет деп санаймыз. Бұл құжат мемлекеттік органдардың өкілеттілігін, жауапкершілігін, инфрақұрылым стандарттарын жүйелеп, мемлекеттік ынталандыру тетіктерін бекітуі керек. Сондай-ақ, зиянды қаптамаларды пайдаланғаны үшін "жасыл" салық енгізіп, одан түскен қаржыны қалдықтарды өңдеуге бағыттау қажет", – дейді Сағындықова.
Әзірге депутат "жасыл" салықтың нақты кімнен алынатынын нақтылаған жоқ. Дегенмен халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әдетте екі түрлі нұсқа бар:
- Өндірушілер мен импорттаушылар – экологиялық талапқа сай емес қаптама шығарған немесе импорттаған компаниялар бұл салықты төлеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жауапкершілік тұтынушыға емес, бизнеске артылады.
- Тұтынушылар – бұл жағдайда экологиялық зиянды қаптаманың бағасына қосымша құн салығы қосылып, салықтың салмағы соңғы тұтынушыға түседі.
Депутаттар бұл екі тәсілдің тиімділігі мен кемшіліктерін жұмыс тобы аясында жан-жақты талқылап, нақты ұсыныстар әзірлемек. Ал, әзірге "жасыл" салықты кім төлейтіні туралы нақты шешім қабылданған жоқ. Толық ұсыныстар мен заң жобасының егжей-тегжейі депутаттардың арнайы отырыстарында қарастырылғаннан кейін ғана Мәжілістің ресми қарауына ұсынылмақ.