"Өзін қорғаған": Алматы облысында күйеуін пышақтап өлтірген әйел ақталды

"Өзін қорғаған": Алматы облысында күйеуін пышақтап өлтірген әйел ақталды
Фото-коллаж: politico.kz / ЖИ

Алматы облысында күйеуін пышақтап өлтірді деп айыпталған 38 жастағы әйел сотта ақталып шықты. Алқабилер оның әрекетін өзін қорғау жағдайында жасалған деп бағалаған. Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, апелляцияға жүгінуге дайындалып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

КТК телеарнасының жазуынша, қайғылы оқиға үш айдан астам уақыт бұрын Шеңгелді ауылында болған. Отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуінің жүрек тұсына ас үй пышағын сұққан. Дәурен Рысқұлов алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Марқұм әскери салада еңбек еткен. Ерлі-зайыпты 16 жыл бірге тұрған, төрт баласы бар. Оқиға кезінде әйелдің жүкті болғаны да айтылды.

Алғашында іс Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабы бойынша тергелген. Кейін іс сотқа жетіп, алқабилер әйелді кінәсіз деп таныды.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, әйел ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған айыптан ақталды. Осыған байланысты оның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы да жойылған.

Сонымен қатар жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырылмаған.

Марқұмның анасы сот шешімін әділетсіз деп санайтынын айтты.

"Жалғыз ұлым еді. Үйімнің тірегі болатын. Оның қазасынан кейін әйелдің сот залынан еркін шығып кеткені мен үшін өте ауыр болды", – деді Әсем Рысқұлова.

Ал айыпталушының адвокаты отбасында ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық болғанын мәлімдеді.

Заңгер Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, оқиға күні марқұм әйеліне күш қолданған. Оның сөзінше, әйел үйден қашып шығып, күйеуінің туыстарынан көмек сұраған және полиция шақыруды өтінген.

Адвокат сондай-ақ әйелдің пышақты өзін қорғау мақсатында қолданғанын алға тартты. Оның айтуынша, бұған дейін де күйеуі әйелді бірнеше рет тұншықтыруға әрекет жасаған.

Бұл – қорғаушы тараптың нұсқасы. Оқиғаға түпкілікті құқықтық бағаны сот үкімі берген.

Марқұм Дәурен Рысқұловтың туыстары енді апелляциялық сотқа жүгінуге ниетті. Олар ақтау үкімін қайта қарауды талап етпек.