Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің қызметкерлері жыл сайын 10 мыңнан астам азаматты құтқарып, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды екен. Жыл сайын 19 қазанда қаһарман мамандық иелері – құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мереке күні – 19 қазан – кездейсоқ таңдалған жоқ. 1995 жылы 19 қазанда Президенттің «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Жарлығы шығып, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет ірге қалады. Сондықтан бұл күн азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Бүгінгі таңда құтқарушылардың қатарында өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, кинологтар, дәрігерлер, психологтар және басқа да сала өкілдері төтенше жағдайға тап болған кез келген адамға бірінші болып көмек көрсетуге дайын. Олардың әрқайсысының жұмысы жоғары кәсібилікті, жауапкершілікті, адалдық пен қаһармандықты талап етеді. Адамдарды құтқару – қауіпті, бірақ абыройлы міндет.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 16 мың төтенше жағдай тіркеледі, отандық құтқарушылар жыл сайын төтенше жағдайлар аймақтарынан 10 мыңдаған азаматты құтқарып, 20 мыңнан астам адамды қауіпсіз аймаққа көшіреді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов атап өткендей, соңғы кездері елімізде ғана емес, көршілес елдерде де орын алған төтенше жағдайлар біздің жүйе үшін үлкен сынақ болды. Ведомство басшысы біздің құтқарушылар гуманитарлық миссияларды қамтамасыз ету аясында Түркия мен Ауғанстанда құтқару жұмыстарын кәсіби түрде жүргізгенін ерекше атап өтті.
– Кәсіби шеберлігі, жинақталған тәжірибесі, ең күрделі тапсырмаларды орындаудағы жылдамдығы мен дәлдігі бойынша біздің құтқарушылар үздіктер қатарында болды. Сондықтан, Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері күндіз де, түнде де көмек қолын созуға дайын және әр адамның өмірін сақтап қалу үшін, тіпті өз өмірін қиса да күресетінін азаматтарымыз анық біледі. Өз борышын өтей отырып, өзгенің игілігі үшін жанын қиған әріптестеріміз Төтенше жағдайлар министрлігінің үздік жауынгерлерінің жадында және құрметті мамандар тізімінде мәңгі сақталады, – деп атап өтті министр. Олардың ауыр да тәуекелге толы қызметі, абыройлы да адал маңдай тері және өздеріне жүктелген міндеттер мен функцияларды мінсіз атқарғаны қалай марапаттап, мадақтаса да құны өтелмейді.
Осыдан екі жыл бұрын ғана көпқабатты үйлердің біріндегі өрттен үш адамды құтқару кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі сөзіміздің мысалы бола алады. Оның атына Астанадағы бір көшені беріп, қалай құрмет танытсақ та, біз оның орнын толтыра алмаймыз. Өрт сөндірушінің ерен еңбегі мен жарқын бейнесі ұрпақ жатында сақтала береді. Бүгінде арамызда Асқардың ерлігін қайталай алатын әріптестері мен бауырлары аз емес. Мәселен, жақында шымкенттік құтқарушылар 6 жасар баланы аман алып қалған оқушыны марапаттады. Ердәулет Шыңғысхан суға батқан баланы жағаға алып шығып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен болатын. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен 8-сынып оқушысы «Суға батып бара жатқан адамдарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталып, заманауи смарт сағат еншіледі. Жас батыр құтқарушы болуды, бар өмірін осынау тәуекелге толы қиын мамандыққа арнауды армандайды.
– Сол күні досыммен бірге суға бардық. Балалар қасымызға жүгіріп келіп, бір баланың суға батып кеткенін айтты. Басында сенбей, әзіл деп ойлап, өзенге жақындап барсам, баланың денесі байқалады. Содан оны жағаға алып шығып, демалдыруға тырыстық. Үлкендерді шақырып, жедел жәрдемге хабар бердік. Мен, тіпті өзімнің марапатталатыным туралы ойламадым. Құтқарушыларға өте ризамын. Ал бұл сағатты әкеме беретін шығармын. Енді мен құтқарушы болғым келеді, – деді жас құтқарушы Ердәулет Шыңғысханұлы.
Оқушының әкесі Шыңғысхан Бектұрғановтың айтуынша, ол сол күні жұмыста болған. Алайда, жолда жедел жәрдем көліктерін көргенін жеткізді. «Содан үйге келгенімде, ұлым кішкентай баланы қалай құтқарғанын айтып берді. Баламның осындай батыл қадам жасағанына қатты қуандым. Мен оған кішкентай кезінен жүзуді үйреттім, кейін ағасы үйретті. Біз оны құтқарғаны үшін сыйлық алады деп күткен де жоқпыз», - деп ағынан жарылды жас батырдың әкесі.
Құтқару операциясына тағы бір студент жігіт қатысқан. Ол 9-сынып оқушысы Рамазан Амангелдиев болып шықты. Оның анасы Алима Мекенбаева ұлымен мақтанатынын айтады.
– Менің ұлым 15 жаста және ол суға кеткен бүлдіршінді құтқарып қалыпты, мен оның бұл ісін мақтан тұтамын. Мұны үйге келген соң білдім, ол кезде мал бағып жүргенмін. Бұған дейін ол полицей болғысы келген, бірақ баланың өмірін сақтап қалған соң, ақыры мамандығын тапқан екен, енді құтқарушы болғысы келеді, – дейді ол.
Бұл төтенше оқиға қаладағы Игілік тұрғын алабында орналасқан Бадам өзенінің бойында болған. Бір топ баламен бірге Ердәулет пен Рамазан да суға барып, сол жерде кішкентай баланың өзенге батып кеткенін байқаған. Жігіттер оны жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Балалардың шебер әрекетінің арқасында алты жасар бала есін жиып, тыныс ала бастады. Ержүрек оқушылар мектеп қабырғасынан соң, құтқарушылар академиясына түсіп, оны үздік бітірсе, сөзсіз жұмысқа қабылданатыны жайында уәде берілді.
– Екі мектеп оқушысы баланы құтқарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, о дүниеден алып қалған. Мен Төтенше жағдайлар департаменті мен төтенше жағдайларды жою жеке құрамының, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі басшылығының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Бізде, Төтенше жағдайлар министрлігінде академия бар, олар 11-сыныптан кейін сонда оқуға түсе алады, содан соң бұл азаматтардың біздің қатарымызда қызмет етуіне тілектеспіз, – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Мадияр Жақсыбаев.
Бұдан бөлек, Тараз қаласында да антына адалдығы мен кәсіби біліктілігі үшін полиция батырын басшылары марапаттады. Қаладағы шағын аудандардың бірінде көпқабатты үйден тосыннан өрт шығады. Көрші подъезде орналасқан учаскелік полиция бөлімшесінде отырған полиция қызметкері – учаскелік инспектор Сәбит Жұрмұхамедов баланың жылаған дауысын естіп, дереу көмекке ұмтылған. Ол тез арада өрт болып жатқан 5-қабатқа жүгіріп шығып, көршілерінен балта сұрап, пәтер есігін сындырып, жылап тұрған 6 жасар баланы жалынның ортасынан алып шыққан. Содан кейін дереу 102-бақылау бөліміне телефон соғып, болған жағдайды айтып, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақырған.
Өрт тез сөндірілді. Сәби мен оны құтқарушы көмірқышқыл газынан улану диагнозымен ауруханаға жатып та шықты. Ал баланың анасы Сәния өз өмірін қатерге тігіп, ұлын аман алып қалған учаскелік инспекторға шексіз алғысын білдірді. «Егер Сәбит баламның жылаған дауысын естіп, көмекке келмегенде, не болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Мен оған шексіз алғысымды білдіремін», - деді әйел. Полиция қызметкері марапаттан гөрі, осы ананың алғысына шексіз риза.
Алматы облысында «Қуат» шағын ауданында жолаушылар мінген автобусты апаттан құтқарып қалған 13 жастағы мектеп оқушысының әрекеті, тіпті құрметке лайық. Ақжол Батыр – бұл жасөспірімнің есімі, өзі үлкен жол-көлік оқиғасының алдын алды. Сол күні ол қоғамдық көлікте келе жатып, төтенше жағдайдың еріксіз куәгері болып, 24 сағаттың ішінде бүкіл елге танымал болды. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші есінен танып, абайсызда газ педальін басып қалған. Осы сәтте автобус қатты жылдамдықпен - сағатына 70-80 шақырыммен қозғалған. Арықтан өткен қоғамдық көлік қозғалысын жалғастырып, одан кейін тұрғын үйлердің жанында орналасқан газ құбырына соғылады. Жүргізуші орнына дер кезінде отырып үлгерген Ақжол Батыр тежегішті басып, бүкіл жолаушының өмірін сақтап қалады. Ал оқушы бұлай әрекет етпегенде, апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді.
– Мен осы үйде тұрамын, апат болған жердің дәл қасында. Апат болған кезде, мен аялдамада тұрдым, қатты қорықтым. Автобус газ құбырына тиіп кетті, жарылыс бола ма деп зәрем қалмады. Автобус тікелей үйге қарай зымырап бара жатты. Қуанышымызға қарай, ол уақытында тоқтап үлгерді. Онда жолаушылар көп болды. Кішкентай балалар да бар еді. Бала Ақжол болмаса, автобус тұрғын үйлерге соғылар еді. Оқушы тұрғындарды да, жолаушыларды да аман алып қалды, – дейді тосын оқиғаның куәгері Бағдат Тәліпова.
Ақжол 8-сыныбында оқитын мектеп ұстаздары мен білім алушылары оны нағыз батыр ретінде қарсы алды. Баланың толық аты-жөні Батыр Ақжол болғандықтан, олар оны көптен бері осылай атаған. Енді бұл ерекше тегі ғана емес, сонымен қатар лайықты лақап атына айналды. Ұстаздардың пайымдауынша, Ақжолдың фамилиясы оның абыройын асқақтатар әрекетті жасауы ықпал етті. Салтанатты жағдайда оқушы мектеп пен жергілікті әкімшілік атынан марапатталып, құрбылары оған ду қол шапалақпен құрмет көрсетті.
«Басында бәрі жақсы болатын. Ешқандай оқыс жағдай белгілері болған жоқ. Бір кезде автобус кенеттен бағытын өзгертті. Қоғамдық көлікте жиырмаға жуық жолаушы отырған. Көбісі салоннан секіріп шыға бастады. Кішкентай балалар қорқып айқайлап жатыр. Жүргізушінің есінен танып қалғанын көріп, оған қарай жүгірдім. Маған көлік жүргізуді әкем үйреткен, мен не істеу керектігін тез түсіндім. Жүргізушінің аяғын газ педальынан шығарып, тежегішті басып, есікті аштым, барлығын сыртқа шығаруға асықтым», - дейді Ақжол Батыр.
Жүргізуші сол сәтте инсульт алған болып шықты. Ол Іле аудандық орталық ауруханасында ем алды. Жалпы, инсульттан сауығу - қиын процесс және қазір дәрігерлер жүргізушінің қашан толық сауығып кететінін нақты айта алмайды.
Тағы бір ерекше оқиғаны атап өтсек, жақында Ақмола облысының құтқарушылары 14 жастағы жасөспірімді қайтыс болғаннан кейін медальмен марапаттады. Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев Владимир Гринбергтің жақындарына «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін табыстады. 29 шілдеде қаһарман ұл отбасымен Қорғалжын ауданындағы Нұра өзенінің жағасында демалып жүрген. Жас батыр 12 жасар баланың суға бата бастағанын байқап қалып, еш абдырамай және уақыт созбай оған көмекке ұмтылады. Бұл кезде ересектер де жүгіріп келген, содан кейін баланың әкесі оны судан шығарып алды.
– Өз өмірінің құнын ойламай, Владимир Гринберг суға батып бара жатқан адамды құтқармақ болды. Өкінішке қарай, ол өз күшін есептемей, суға өзі батып кетті, өйткені бұл жерде су құйындысы бар еді. Оған ешкім көмектесе алмады, – деп жазады ТЖД баспасөз қызметі. Адам өмірін сақтап қалуға байланысты төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін медаль баланың туыстарына тапсырылған. Нұрлан Атығаев баланың ата-анасына көңіл айтты.
Бұл салады осы секілді ерлік пен жанқиярлыққа толы оқиғалар баршылық. Құтқарушылардың өмірінің әрбір сәті тәуекел мен тосын оқиғаларға толы. Ең бастысы, олар адам өмірін ажалдан арашалап қалуда аянып қалмайды. Біз де оларға құрметімізді аямайық.