Өзеннен құбыр ағып жатыр: Алматыдағы жағдай жұртты алаңдатты

Көркем Алдабергенова 15 жел. 2025 12:18

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Қарғалы өзенімен ағып бара жатқан құбырлар түсірілген видеолар қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қолданушылар бұл көріністі әзілге айналдырып, түрлі нұсқа ұсынды. Бірі оны «құбырлардың маусымдық көші-қоны» немесе «уылдырық шашу кезеңі» десе, енді біреулері жұмысын аяқтаған құбырлар «демалысқа бет алды» деп қалжыңдаған.

Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласы әкімдігі ресми түсініктеме берді. Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша Қарғалы өзенінің Жандосов көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі бөлігінде арнаны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Су бұру және құрылыс-монтаж шаралары кезінде өзенге диаметрі 600 миллиметрлік гофрленген құбырлар уақытша орнатылған.

Әкімдік мәліметінше, бірнеше күн бұрын өзендегі су деңгейі күрт көтеріліп, қатты ағыс уақытша бөгеттерді бұзып өткен. Соның салдарынан орнатылған құбырларды су алып кеткен.

«Қазіргі таңда жағдай қалыпқа келді және тұрақты бақылауда. Ағынмен кеткен гофрленген құбырлар мердігер ұйымның күшімен өзен арнасынан толық шығарылды», – деп хабарлады қала әкімдігінде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар