БАҚ мәліметінше, этникалық қазақ өзбекстандық боксшы Саят Ильясов Қазақстан азаматтығын алуға шешім қабылдаған. Алайда Қазақстан бокс федерациясы бұл мәміле әлі аяқталуға жақын емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Vesti.kz порталы журналист Аслан Каженовке сілтеме жасап, 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионы Өзбекстан құрамасынан шығып, Қазақстан ұлттық құрамасына өтуге талпынып жатқанын хабарлады.
БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, этникалық қазақ ішкі жарыстарда Маңғыстау облысының намысын қорғауы мүмкін. Сонымен қатар ол наурыз айында қазақстандық промоушендердің бірінде кәсіпқой бокста дебют жасауды жоспарлап отыр.
Алайда Қазақстан бокс федерациясы қазіргі таңда Ильясовты Өзбекстан федерациясынан босату туралы ешқандай ресми құжат түспегенін айтты.
«Бүгінге дейін Қазақстан бокс федерациясына Өзбекстан спортшысы - Саят Ильясовты тіркеуден шығару жөнінде ешқандай хат келіп түскен жоқ. Азаматтықты ауыстыру және басқа елдің атынан өнер көрсету - ұзақ әрі күрделі процесс. Азаматтықтан бөлек, спортшы халықаралық федерация талаптарына сай спорттық азаматтығын да өзгертуі тиіс. Бұл ұлттық федерацияның ресми өтініші негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ кейін ұлттық құрама қатарына ену үшін спортшы Қазақстан чемпионатының соңғы нәтижелері бойынша жүлдегерлер қатарында болуы қажет», - деп жауап берді Қазақстан бокс федерациясы Tengri Sport ресми сауалына.
Айта кетейік, Саят Ильясов - 63,5 келі салмақ дәрежесінде Өзбекстан чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ U-22 санатындағы Азия чемпионы.
