Өзбекстанда белгілі экс шенеунікке қастандық жасалды. Бұл туралы жергілікті Kun.uz басылымы жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz
26 қазанға қараған түні Өзбекстан президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат департаментінің бұрынғы бастығы Комил Алламжоновқа қарулы шабуыл жасалған.
Дереккөз мәліметінше, шабуыл Кибрай ауданындағы Комил Алламжоновтың үйінің маңында түнгі сағат 1:30 шамасында болған. Белгісіз екі адам көлікке бірнеше рет оқ жаудырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Алламжонов зардап шеккен жоқ.
Басылым дерегіне сүйенсек, Комил Алламжонов 30 қыркүйекте Өзбекстан президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат департаментінің басшысы қызметінен босатылды. Кейінірек ол жеке секторда жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
Комил Алламжонов 1984 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келген. Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының (2006) және Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінің (2010) түлегі.
2020-2022 жылдары ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы болды.
Бұған дейін, 2018 жылғы қарашадан бастап президент әкімшілігі жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры болған. Бұған дейін Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы және мемлекет басшысы әкімшілігі басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
БАҚ-та оның Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзиеваның жақтасы екені айтылады.