2026 жылдың сәуір айында Қазақстан әуежайларындағы жолаушылар ағыны өсімін сақтап қалды. Алайда өсім қарқыны бойынша Өзбекстан өңірдегі көшбасшы атанып, Қазақстанды артта қалдырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өңір елдері қандай нәтиже көрсетті?
Халықаралық әуежайлар кеңесінің Еуропадағы бөлімшесі – Airports Council International Europe (ACI EUROPE) жариялаған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың сәуірінде Өзбекстан әуежайларындағы жолаушылар ағыны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға артқан.
Осылайша Өзбекстан Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең жоғары өсімді тіркеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,6% болды. Оң динамика Армения әуежайларында да байқалды. Мұнда жолаушылар ағыны 8,7%-ға өскен.
Ал Әзербайжан мен Грузия әуежайларында керісінше төмендеу тіркелді. Әзербайжанда көрсеткіш 12,9%-ға, Грузияда 16,3%-ға азайған.
Басқа елдердегі жағдай қандай?
Жолаушылар ағынының ең жоғары өсімі Словакия (125,2%), Солтүстік Македония (30,6%), Албания (25,3%) және Молдова (24,6%) елдерінде байқалған. Ал ең үлкен төмендеу Израиль (-73,4%), Ресей (-18%), Грузия (-16,3%) және Кипр (-16,1%) елдерінде тіркелген.
ACI EUROPE мәлімдемесі
ACI EUROPE сарапшылары кейбір елдердегі жолаушылар ағынының төмендеуін Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстардың салдарымен байланыстырды. Ұйымның мәліметінше, ақпан айының соңында басталған АҚШ пен Израильдің Тегеранға қарсы әскери операциясынан кейін өңірдегі әуе қатынасына кедергілер туындаған. Бұған Иран мен Парсы шығанағындағы бірқатар елдердің әуе кеңістігін жабуы себеп болған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай халықаралық рейстердің орындалуына әсер етіп, кей мемлекеттердегі жолаушылар ағынының азаюына ықпал еткен.